Ақтөбе облысында төрт жасар бала қар суы жиналған сайға құлап, мерт болды. Оқиға сенбі, 23 наурыз күні түс әлпетінде Байғанин ауданының Ебейті ауылында болған.
- Ауыл шетіндегі сайда ойнап жүрген екі баланың бірі батпақтан аяғын шығара алмай, етпетінен құлаған. Сол кезде сайдағы қар суына тұншығып қалған. Екінші бала ересектерді шақырып, олар сәбидің мерт болғанын білген. Оқиға орнына полиция келіп, куәгерлерден жауап алды. Баланың ата-анасы ешкімге кінә артып отырған жоқ,- дейді Ебейті ауылының әкімі Әміржан Жұмабаев.
Мерт болған бала жас отбасындағы екі баланың үлкені болған. Онымен бірге ойнаған бес жасар бала аман.
Осыған ұқсас жағдай Ақтөбеде 2022 жылғы 31 наурыз күні де болған. Ол кезде мектептен қайтып келе жатқан оқушы қыз арықтағы суға құлаған. Қатты ағыс қыз баланы ағызып әкетіп, күртешесі темір құбырға ілініп қалады. Оқушы қызды сол маңдағы спорт клубының жаттықтырушылары аман алып қалды.
Жыл сайын көктемде еріген қар суы Ақтөбе облысын әбігерге салады. Биыл қызыл су көлік қозғалысына қиындық келтіре бастады.
Жексенбі 24 наурыз күні Жем өзені арнасынан шығып, Қожасай-Жаңажол ауылдары арасындағы тас жолды су басқан. «Әзірге көлік қатынасы жол талғамайтын арнайы техникамен жүзеге асырылып жатыр» деп хабарлады Мұғалжар ауданының әкімдігі. Ырғыз ауданы Шеңбертал ауылындағы өткелді де қызыл су басып, көлік қозғалысы қиындаған.