Қырғызстан сыртқы істер министрлігі өз азаматтарын аса қажет болмаса Ресейге бармауға шақырды. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметіне Қырғызстан сыртқы істер министрлігі консулдық департаментінің басшысы Бақыт Қадыров айтқан.
22 наурызда Мәскеудегі «Крокус сити холл» концерт залына жасалған шабуылдан соң Ресейде мигранттарға қысым күшейген.
Шенеуніктің айтуынша, Ресей билігі елден кетіп және келіп жатқан азаматтарды қатаң тексере бастаған.
«Қазір Ресей антитеррор шараларын жүргізіп жатыр. Елден шыққан, кірген азаматтарды шекарада тексеру күшейді. Сондықтан елшілік Ресейге кіруді алдын ала жоспарлауға, қажет болмаса Ресейге бармай тұра тұруға шақырады. Антитеррор шаралары қанша уақытқа созылатыны туралы ақпарат жоқ. Кей азаматтар «қара тізімде» бар не олар құқық бұзған болса, елге кіргізілмейді» деді Қадыров.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, соңғы күндері тексеру және заңсыз ұстау фактілері көбейді деп шағым айтып жатқандар көп.
23 наурызда Мәскеуге ұшып келген қырғызстандықтар «Шереметьево» әуежайында қамалып қалды. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, әуежайдың бір бөлмесіне қамалған 11 адамның кемінде 10-ы Қырғызстан азаматы болған. Оның айтуынша, олардың телефондардын тартып алып, тексерген, әлдебір құжаттарға қол қоюды талап еткен. Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі әуежайдағы азаматтар «бұдан бұрын Ресейдің миграция заңдарын бұзғандықтан, олардың бұл елге кіруіне тыйым салынғанын» хабарлады.
Ресей тергеу комитетінің соңғы мәліметі бойынша, Мәскеудегі концерт залына 22 наурызда жасалған шабуылдан кемінде 137 адам қаза тапқан, 187 адам жараланған. «Крокус сити холл» концерт залында «Пикник» тобының концерті басталып жатқанда ғимаратқа қарулы төрт адам кіріп келіп, жұртты ата бастаған. Бұдан соң олар өрт қойып, үлкен зал түгел дерлік өртеніп кетті.
Кейін шабуыл жасады деген адамдар ұсталды, тергеу комитеті Ресей Қылмыстық кодексінің «Терроризм» (205-бап) бойынша қылмыстық іс қозғады. 24 наурыз Ресейде азалы күн деп жарияланды. Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі теракт бойынша 11 адам қамалғанын хабарлады. Наурыздың 24-інен 25-іне қараған түні Мәскеудің Басманный соты ұсталғандарды екі айға тұтқындау туралы шешім шығарды.
ПІКІРЛЕР