Accessibility links

Макрон: "Крокусқа" шабуыл жасаған ИГ Францияда да теракт ұйымдастырмақ болған


Франция президенті Эммануэль Макрон
Франция президенті Эммануэль Макрон

Франция президенті Эммануэль Макрон Мәскеудегі «Крокус сити холл» концерт залына шабуылды мойнына алған «Ислам мемлекеті» террор тобының филиалы бұдан бұрын Франция аумағында да бірнеше теракт ұйымдастыруға оқталған деп мәлімдеді. Макронның айтып отырғаны – «Ислам мемлекетінің» «Вилаят Хорасан» деп аталатын ауған бөлімшесі, ол «ИГИЛ-К» деген атпен де белгілі.

Макрон нақты деректер келтіремеді. Францияда соңғы кездері қандай да бір терактінің алды алынғаны туралы жария ақпарат болмады. Алайда өткен жұмада Мәскеуде болған қанды оқиғадан соң Франциядағы террор қаупі ең жоғары деңгейге көтерілді. Францияның қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік кеңесі осындай шешім қабылдады.

Оңтүстік Америкадағы Француз Гвианасында жүрген Макрон Ресейдегі қантөгісті ИМ ұйымдастырғанына сенімді. Ол Ресей басшылығын теракт үшін жауапкершілікті негізсіз Украинаға артудан сақ болуға шақырды және Мәскеуді «терроризммен күресте күш біріктіруге» үндеді.

Дүйсенбіде The New York Times басылымы өз ақпарат көзіне сүйеніп, Ресейдегі терактіден соң бұл топ Еуропа елдерінде, соның ішінде Францияда осындай шабуыл жоспарлауы мүмкін деп хабарлады. Қауіпсіздік жөніндегі сарапшылардың айтуынша, террористер биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өтетін Олимпиада ойындарында теракт ұйымдастыруы ықтимал.

  • Мәскеу түбіндегі «Крокус сити холл» концерт залына 22 наурызда жасалған шабуыл салдарынан 137 адам қаза тауып, 200-ге жуығы жараланған. Бұл – Ресей тарихындағы ең ірі терактінің бірі.
  • Қанды шабуылды ұйымдастырды деген күдікпен төрт адам тұтқындалды, олардың барлығы Тәжікстан азаматтары. Сотқа келген олардың бет-жүзінен азапталғаны анық байқалады. Біреуінің құлағы кесілген, екіншісі медициналық тасығышта ес-түссіз жатты.
  • Оқиғадан соң Ресейде мигранттарды қатаң тексере бастады. Орталық Азия мигранттары ксенофобиялық көзқарас өршіп кете ме деп алаңдайды.
  • Ресейдің ресми тұлғалары шабуылды ұйымдастырды деп Украинаны тікелей не жанама түрде айыптады. Киев мұны жоққа шығарады. Мұның алдында Ресейде теракт болуы мүмкін деп ескерту жасаған АҚШ та мұның артында ИМ тобы тұр деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG