Accessibility links

Ақтөбе облысында еріген қар суы елді мекендерге жайылып, тас жолдарды шайды


Темір ауданының орталығы Шұбарқұдықтағы еріген қар суы.
Темір ауданының орталығы Шұбарқұдықтағы еріген қар суы.

Ақтөбе облысында еріген қар суы елді мекендерге жайылып, тас жолдарды шайып, тұрғындарды әбігерге салып жатыр. Темір ауданы орталығы Шұбарқұдық кентінің тұрғындары Азаттыққа жолдаған видеоларда кенттегі бірнеше көшені су басқаны көрінеді.

"Қар суы Қызылжар-2, Қызылжар-3 ықшамаудандарына жайылды. Бес үй мен 25 аула суда тұр. Үш жылдан бері көктем сайын көретін күніміз – осы. Жергілікті жұрт "Мұқантау" деп атайтын қыраттан қар суы кешелі бері толассыз келіп жатыр", – дейді Шұбарқұдық кентінің аты-жөнін атамауды сұраған тұрғыны.

Ақтөбе әкімдігі Темір ауданына көмекке Төтенше жағдайлар министрлігінің 50 қызметкері мен төрт арнайы техника жіберілгенін хабарлады. Маңғыстау облысынан Ақтөбеге көмекке келетін 52 құтқарушы мен 5 техника да Темір ауданына жіберілмек.

Қызыл судың кесірінен Байғанин ауданындағы Оймауыт, Дияр, Миялы ауылдарымен жол қатынасы үзілген. Қар суы тас жолды басып қалып, Әйтеке би ауданындағы Талдық ауылы да көлік қатынасынсыз отыр. Ойыл ауданындағы Көптоғай ауылын да су басу қаупі бар.

Әкімдіктің хабарлауынша, Ақтөбе облысындағы өзендердің мұзы еріп, су қоймаларының деңгейі көтеріле бастаған. Яғни, өзендер тасу қаупі басым.

Қазгидромет мекемесі Ақтөбе облысында 26-28 наурыз аралығында күн қатты жылынып, жаңбырдың соңы қарға ұласуы мүмкін деп ескертті. Яғни, аймақтағы жағдай бұдан күрделене түсуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG