Accessibility links

Мәскеу соты "Крокустағы" терактіге қатысты тағы үш адамды қамауға алды


Диловар Исломов сот залында.
Диловар Исломов сот залында.

Мәскеудің Басман аудандық соты "Крокус Сити Холл" концерт залындағы терактіге қатысы бар деген күдікпен тағы үш адамды екі айға қамауға алды. Бұл туралы Мәскеу соттарының баспасөз қызметі хабарлады.

Қамалғандар — Аминчон мен Диловар Исломовтар және олардың әкесі, 62 жастағы Исроил Исломов. Оларға "террорлық ұйымға көмектесті" деген айып таққан. Бұл бап бойынша өмір бойына дейін бас еркіндігінен айыру жазасы көзделген.

Тергеу орындары ағайынды Исломовтарды қылмыстық топқа бұған дейін "терактіге қатысқан" деген күдікпен ұсталған Шамсидин Фаридуни тартқан деп есептейді.

Сот отырысы кезінде Аминчон Исломов кінәсіз екенін мәлімдеген.

Мәскеудің Басман аудандық сотының баспасөз қызметіне сүйенген "Медиазона" сайты теракт жасады деген күдікке ілінгендер пайдаланған "Рено" автокөлігінің соңғы иесі Диловар Исломов деп жазды.

Бұған дейін "Новая газета. Европа" басылымы "Крокус Сити Холл" концерт залына жасалған шабуылдан екі сағат өткенде журналистер Диловар Исломовпен байланысқанын хабарлады. Исломов көлікті шабуылдан бір апта бұрын әйелінің ағасына сатқанын айтқан.

Кейін ол ағасы Аминчонмен бірге полицияға барған.

Sota мәліметінше, Диловар Исломов — Ресей азаматы, Тверь облысында такси жүргізуші болып жұмыс істеген. 23 наурызда, шабуылдан кейін оны лицензиясынан айырған.

Жексенбі, 24 наурызда Мәскеудің Басман аудандық соты "Крокус Сити Холлда" теракт жасады деген күдікпен Далерджон Мирзоев, Саидакрам Рачабализода, Шамсидин Фаридуни және Мухаммадсобир Файзов есімді төрт адамды екі айға қамауға алған. Sota мәліметінше, төртеуі де Тәжікстан азаматы. Процесс жабық өтті, фотолардан күдіктілердің бет-жүзінде жарақат іздері байқалады.

Оларға "топ болып террорлық акт жасады" деген айып тағылды. Бұл бап бойынша 15 жылдан өмір бойына дейін бас еркіндігінен айыру жазасы көзделген.

Жұма күні кешке Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холл" ішінде камуфляж киген бірнеше адам жұртқа қарудан оқ жаудырып, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. Оқиға "Пикник" тобының концерті алдында болды. Ресей тергеу комитеті теракт туралы қылмыстық іс қозғады. Атыс пен өрт салдарынан 139 адам қаза тапты, оның үшеуі — бала. 62 адамның аты-жөні анықталған. Тағы 182 адам зардап шеккен.

ФСБ басшысы Александр Бортников Ресей президенті Владимир Путинге 11 адам ұсталғанын жеткізді. Оның төртеуін "шабуылға тікелей қатысы бар" деп сипаттады. Кейін ФСБ "Крокусқа" шабуылдағандар Украинаға өтпек болғанын, "ол жақта тиісті байланыстары" болғанын, "шабуыл мұқият жоспарланғанын", қару-жарақ алдын ала жасырылғанын айтты.

Бұған дейін "Крокус сити холл" концерт залына шабуылды "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымы мойнына алған. Ұйымға жақын "Амак" агенттігі атыс видеосын жариялап, оны шабуыл жасағандардың өзі түсірді деп мәлімдеді. Видеодағы бір адам "Крокуста" болған оқиғаны түсіреді. Кадрда онымен бірге тағы үш адам жүргені көрінеді, біреуінің қолында автомат, екіншісінде пышақ бар. Атыс қаруын ұстаған ер адам концерт залына ұқсайтын бөлмеге кіріп, есік алдында тұрған адамдарды атып тастайды. Ал пышағы бар адам еденде жатқан жаралы адамды бауыздайды.

Бұған дейін бірнеше елдің, соның ішінде АҚШ барлау агенттіктері Ресейге Мәскеу аумағында террористік топтардың концерт алаңдарына шабуыл жасауы мүмкін екенін ескерткен. Владимир Путин бұл хабарламаларды "бопсалау" және "арандату" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG