Accessibility links

Астанада Тоқаев АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті қабылдады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен АҚШ сенаторы Стив Дэйнс. Астана, 26 наурыз, 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен АҚШ сенаторы Стив Дэйнс. Астана, 26 наурыз, 2024 жыл.

Сейсенбі, 26 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға сапармен келген АҚШ сенаторы Стив Дэйнспен кездесті. Бұл туралы Ақорданың телеграм-арнасы хабарлады. Тоқаев Қазақстан мен Америка ынтымақтастығы дәстүрлі түрде қарқынды дамып келе жатқанын айтқан.

Қазақстан президенті екіжақты қатынаста парламенттік дипломатия маңызды рөл атқарады деген.

Кездесуде сауда-экономика саласындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланған. Ақорданың жазуынша, Қазақстан президенті елге инвестиция тарту, экономиканы ырықтандыру және өнеркәсіпті дамыту ісіне ерекше назар аударылып отырғанын мәлімдеген. Тоқаев энергетика, пайдалы қазбаларды барлау әрі өңдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және басқа да салалар Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынасының негізгі бағыттары саналады деген.

Ақорданың хабарлауынша, кездесуде халықаралық және өңірдегі қауіпсіздік мәселесі де талқыланған. Тоқаев Қазақстанның Мәскеу маңындағы терактіні алғашқылардың бірі болып айыптағанын және "осындай қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге екенін" айтқан.

"Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, барлық ел терроризмге қарсы күресте өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс. Қазақстан осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын" деп хабарлады Ақорда.

  • 22 наурызда Мәскеу түбіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залындағы терактіден кемі 139 адам мерт болған. Ірі сауда және ойын-сауық кешенінде орналасқан концерт залының шатыры өртеніп, құлаған. Марқұмдардың бір бөлігі оқ тиіп, тағы бір бөлігі өрттен опат болған.
  • Шабуылға жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" террор ұйымы мойнына алған. АҚШ шенділері бұл терактіні ұйымның "Хорасан уәлаяты" дейтін бөлімі ұйымдастырды деп мәлімдеді. Наурыздың басында АҚШ пен Батыстың бірқатар мемлекеті Ресейде жүрген өз азаматтарына алдағы күндері Мәскеуде террор шабуылы болуы мүмкін екенін ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG