Мәскеудің Басман аудандық соты "Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл ісі бойынша сегізінші айыпталушы Әлішер Қасымовты қамауға алды. Бұл жөнінде сот залынан "Медиазона" хабарлады.
Бұған дейін Ресей тергеу комитеті Қасымовты тұтқындауды талап еткен. Тергеушілердің айтуынша, 32 жастағы Қасымов "Крокусқа" шабуыл жасады деген күдіктілердің біріне пәтер жалға берген. Сот отырысында Қасымов күдіктілердің терроризмге қатысы туралы білмегенін айтты. Ол пәтерді "Авито" қызметі арқылы жалға берген.
Қырғызстанда дүниеге келген Қасымов — Ресей азаматы. Ол Красногорск қаласында тұрады, үш баласы бар. Ағасымен бірге шайханаға иелік етеді.
Дүйсенбіге қараған түні, 25 наурызда, Мәскеу соты "Крокусқа" шабуыл жасады деген күдікпен төрт адамды қамауға алды. Келесі күні тағы үш айыпталушы тұтқындалды.
Тергеу мәліметінше, олардың арасында шабуылдаушылар мінген ақ түсті "Рено" көлігінің кейінгі иесі — Диловар Исломов бар. Исломов көлікті әйелінің бауырына сатқанын және оны шабуыл орнынан көргенде есеңгіреп қалғанын айтқан.
Жұма күні кешке, 22 наурызда Мәскеу маңындағы "Крокус Сити Холл" концерт залында камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. Кейінгі мәліметтерге сәйкес, шабуылдан 139 адам, оның ішінде үш бала мерт болған. Кем дегенде 180 адам зардап шеккен.
23 наурызда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі президент Владимир Путинге концерт залындағы шабуылға байланысты 11 адам ұсталғанын хабарлаған. Оның төртеуі шабуылға тікелей қатысты деп күдікке ілінген. Олар сауықтыру орталығына ақ түсті "Рено" көлігімен келіп, адамдарға оқ жаудырып, өрт басталғанда сол көлікпен кетіп қалған. Кейін Брянск облысында ұсталған. Құқық қорғау органдары қалған жетеуі терактіні әзірлеуге қатысы болуы мүмкін деп отыр.
ПІКІРЛЕР