Accessibility links

ТЖМ: Қояндыда суды сорып шығарып жатыр, Ақтөбе облысында тасқынға байланысты 74 адамды эвакуациялады


Астана маңындағы Қоянды ауылының тұрғындары наразылық білдіріп, жолды жапты. Ақмола облысы, 26 наурыз, 2024 жыл.
Астана маңындағы Қоянды ауылының тұрғындары наразылық білдіріп, жолды жапты. Ақмола облысы, 26 наурыз, 2024 жыл.

Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылында су тасқынына қарсы шаралар жүргізіп жатқанын хабарлады. Астана маңындағы осы ауылдың халқы 26 наурыз кешке су тасқыны қаупіне байланысты жергілікті биліктен төтенше жағдай жариялауды талап етіп, наразылыққа шықты. Жұрт Қоянды ауылына кіреберістегі жолды жапты.

Тұрғындар таратқан видеодан ауылға арнайы жасақ барғаны көрінеді. Наразы жұрт біраз уақыттан кейін үйді-үйіне тараған.

ТЖМ өткен түні Қоянды ауылында "ауа температурасы көтерілуіне және қар еруіне байланысты" үш жеке үй мен екі уақытша баспана су астында қалғанын хабарлады.

Сәрсенбі күні таңертең 80 мың текше метр суды сорып шығарғанын мәлімдеді.

"Ақмола облысы мен Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы органнан 17 техника, 76 адам және 18 мотопомпа жұмылдырылды. Жағдай тұрақты" деді Ақмола облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы Қанат Доспаев.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылында "еріген қар мен жауын-шашын салдарынан" екі үйдің ауласын су басқан. Жем өзенінің деңгейі көтерілу қаупі бар деген хабар түсті. ТЖМ мәліметінше, 74 адам, оның арасында 30 бала қауіпсіз жерге көшірілген.

Қазақстанның бірнеше облысында қар еріп, елдімекендерді су басты. ТЖМ ақпаратынша, су тасқынына қарсы шаралар бірқатар жерде, соның ішінде Байғанин, Алға аудандарында және Ойыл ауылында (Ақтөбе облысы) жүріп жатыр.

Абай облысы Аягөз ауданындағы Аягөз өзені арнасынан асып, бес ауланы су басқан. ТЖМ суды сорып шығару жұмыстары атқарылып жатқанын хабарлады.

Қазақстанның бірнеше өңірінде қар суы тұрғындарды әбігерге салды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:34 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG