Ақпан басында қамаудан босатылған 21 жастағы ресейлік оппозиция белсендісі Денис Козак 28 наурызда Алматы әуежайынан Еуропа елдерінің біріне ұшып кетті деп жазды Адам құқығын қорғау бюросы.
Денис Козак Қазақстанда былтыр наурызда ұсталып қамалған. Ақпаратқа қарағанда, оған Ресейде "терроризмді ақтау" бабы бойынша айып тағылып, іздеу жарияланған.
Козак 2018 жылы ФСБ-ның Архангельскідегі ғимараты алдында өзін-өзі жарып жіберген студент Михаил Жлобицкий туралы әлеуметтік желіде пост жазған. Осыдан соң оның үстінен "терроризмді ақтау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тінту жүргізілген. Козактың өзі ақпарат құралдарына "жазбасында Жлобицкийдің әрекетін ақтамағанын" айтқан.
Адам құқығын қорғау бюросының жазуынша, Денис Козак Қазақстаннан саяси босқын мәртебесін сұрағанмен өтініші орындалмаған. Апелляция соты да шешімді өзгеріссіз қалдырған. Алайда Қазақстан оны тапсыру жөнінде Ресей өтінішін де орындамаған.
3 ақпанда Денис Козак тергеу изоляторынан босап шыққан. Еуропа елдерінің көші-қон құрылымдарымен бір жарым айға созылған келіссөзден кейін ол осы аптада Қазақстаннан кете алған.
Украинаға қарсы әскери басқыншылықты айыптайтын эмигранттарға көмектесетін ресейлік "Ковчег" ұйымы "Козак кейсін өте күрделі" іс деп атаған. Себебі "террористік бап бойынша айыпталған адамға қатысты істің саясиланғанын өзге елге түсіндіру" өте қиын. Бірақ соған қарамастан белсенді Еуропа елдерінің біріне гуманитарлық виза мен уақытша кіру құжатын ала алған.
ПІКІРЛЕР