Accessibility links

Ақтөбе облысы: Әйтеке би ауданында бөгет жарылды, су басқан Берсиев ауылы тұрғындары көмек күтіп жатыр


Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында бөгет жарылғаннан кейін су басқан ауылдардың ахуалы. 30 наурыз 2024 жыл.
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында бөгет жарылғаннан кейін су басқан ауылдардың ахуалы. 30 наурыз 2024 жыл.

"Ақтөбе облысы Берсиев ауылында жағдай күрделі күйінде қалып отыр" дейді сенбі, 30 наурызда таңертең Азаттыққа хабарласқан ауыл тұрғындарының бірі. Ол аты-жөнін атағысы келмеді.

Оның сөзінше, үш тікұшақ Берсиев ауылына көмекке 30 наурыз таңғы сағат бесте жеткен. Олар ауылда үйлерінің шатырында қалған адамдарды құтқарып жатыр.

Бір күн бұрын тікұшақ су басқан ауылға қона алмай кеткен. Бұдан соң ауыл тұрғындарымен келісіп, бүгін елдімекен сыртындағы биік төбеге қонған. Сол жерден төрт қайықпен адамдарды тасып жатыр дейді тұрғын.

Оның айтуынша, қазір мектепте жүздеген адам бар.

- Ауылдың ер адамдары соңғы сәтке дейін бөгетті қорғады. Бірақ судың деңгейіне төтеп бере алмады. 40 сағаттан астам уақыт жүздеген адам мектепте қамалып отырды. Үйінен тамақ алып үлгергендер бар, алып келмегендер бар. Түнімен ұйықтаған жоқпыз. Мектептің іші салқын. Байланыс нашарлап кетіп тұр. Былтыр да ауылды су алып, он үй бұзылған. Ол кезде облыс әкімі Тоғжанов ауылға үш рет келіп кеткен. Ал биыл не аудан, не ауыл әкімін көрген жоқпыз. Халық өзімен-өзі паника болып отыр, – деді тұрғын.

30 наурызда қорғаныс министрлігі видео жариялап, Берсиев ауылында құлайын деп тұрған шаруашылық құрылысында қалған 15 тұрғынды тікұшақпен құтқарғанын хабарлады.

“Тасқынның кесірінен ауылдан кету мүмкіндігінен айырылған адамдар бұл кезде үлкен жылдамдықпен келген суға батып кеткен шаруашылық құрылыстың төбесінде болатын. Экипаж жедел түрде әуеге көтеріліп, зардап шеккендер тұрған жерге жетті. Тікұшақ құрылыстың төбесінен бір метр қашықтықта көмек күткен адамдарды қабылдап, Ақтөбе қаласының әуежайына эвакуациялады” деп жазылған министрлік хабарламасында.

Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында Щербаков шлюзінде сызат пайда болып, Талдысай мен Жүргенов ауылдарынан 149 адам эвакуацияланған.

Көп ұзамай сағат 21:40-та бөгет жарылып, Жүргенов ауылы шетіндегі Ырғыз өзеніне су ағылған. Екі ауылда эвакуация жарияланған. 251 адам (87-сі бала) өз бетімен қауіпсіз жерге барған. 320 ірі қара, 340 ұсақ мал, 606 құс та басқа жаққа көшірілген деп айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG