Accessibility links

Ресейдегі мигранттар көшеде тексеріс күшейгенін айтты


Мәскеуде «Крокус Сити Холл» концерт залына жасалған шабуылдан кейін Ресейде Орталық Азия елдерінен келген еңбек мигранттарының құқықтары шектеліп жатыр деп жазды заңгерлерге сүйенген "Мигрант. Медиа". Жоба журналистері осындай заңсыздыққа тап болған бірнеше адаммен сөйлескен. Оларды аты-жөні жеке басының қауіпсіздігі мақсатында өзгертіліп берілді.

Мәскеудегі терактіден кейін полиция қолына түсіп қалғандардың арасында өзбек азаматы Шухрат та бар.

«Бізді ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Сол жерде бәрін тексерді, саусақ ізін алды. Паспорттарымызды он сағат бойы тексерді, суретке түсірді. Менің телефонымды да мұқият қарады. Кіммен сөйлескенімді, кімдердің нөмірі сақталғанын, бәрін-бәрін тексерді».

Шухраттың айтуынша, онымен бірге Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген басқа да еңбек мигранттарын ұстаған. Учаскеге жиырма шақты адамды жеткізген. Он сағаттан кейін өзбекстандықтарды босатып жіберген. Мигранттың айтуынша, полиция тәжік азаматтарына қаттырақ қарайды. Олар полиция бөлімінде қалған.

«Тәжіктерді ұстады. Оларды таяқпен ұрды. Бір жігіт аяғы ауырып тұрғанын айтты. Бірақ өзбекстандықтарға қол көтерген жоқ. Бірақ дөрекі сөйледі, балағаттады».

Шухраттың айтуынша, полиция оны көшеде бірнеше рет тоқтатқан.

Migrant.uz порталында Ресейде жүрген еңбек мигранттары үшін заңгерлердің кеңесі жарияланған.

«Тексерулер жүріп жатқандықтан, мигранттарға мынадай кеңес беріледі: Ресейде жүріп-тұруға рұқсат беретін құжаттардың бәрін дұрыстау (патент, миграциялық тіркеу); телефондағы, ноутбуктегі және басқа да гаджеттердегі браузер тарихын үнемі тазалап тұру; жағдай тынышталғанша қоғамдық орындарға жиі шықпау; туған-туыстармен жиі хабарласып тұру; төтенше жағдай бола қалғанда хабарласу үшін елшілік пен консулдықтар нөмірлерін сақтап қою» деп жазылған сайтта.

Мұның алдында құқық қорғаушылар «Крокус Сити Холдағы» терактіден кейінгі бірнеше күнде мыңдаған мигрант полиция әрекетіне шағымданғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG