31 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Бозымбаевты премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындады.
Қанды Қаңтар кезінде ол Алматы облысына жетекшілік еткен. 5 қаңтарда Талдықорғанда алаңға жиналғандар алдына дауыс үдеткішпен шыққан Бозымбаев "Мен сені естідім... Әкеткен балаларды босатуға болады. Мен полиция басшыларымен... Тыңда ёпт!" деп балағат сөз айтып, халықты "сабырға шақыруға" тырысқан.
Сол кезде халық онан сайын ашуланып, наразылық білдірді. Әкімді қоршап тұрған жұрт оған "Кет!" деп айқайлады.
Талдықорғандағы наразылық сол күндері жаппай тәртіпсіздікке ұласып, бір топ наразы облыс әкімдігі алдында тұрған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты.
Төрт айдан кейін Бозымбаев Алматы облысы әкімі қызметінен босатылды. Бір жылдан соң саяси аренада қайта пайда болды – президенттің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Ол бүгінгі күнге дейін сол қызметте болған.
Әр жылдары Бозымбаев энергетика министрі болды, Павлодар және Жамбыл облыстарын басқарды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің алты орынбасары бар, арасында бір күн бұрын президенттен сөгіс алған Роман Скляр да бар. Оның қызметтен босатылғаны хабарланбады, сондықтан Бозымбаев кабинет жетекшісінің жетінші орынабасары деуге болады. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, Қанат Бозымбаев өңірлік саясат, тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық, төтенше жағдай және су ресурстарына жауап береді.
Қазір Қазақстанның бірқатар өңірлерінде елді мекендерді су басып жатыр. Су тасқыны салдарынан жүздеген адам баспанасыз қалды, мүліктерінен айырылды. Кейбір қалалар мен аудандарда төтенше жағдай жарияланды.
Су басқан аймақ тұрғындары жергілікті билікті су тасқынына дайындалмады деп кінәлады.
Бір күн бұрын шұғыл кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев су тасқынына қарсы уақытында шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.
Шұғыл кеңестен кейін премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін, шығыны өтелетінін айтты.