Accessibility links

Каспий теңізінде мұнай төгілгені айтылды. Экология департаменті тексеру жүргізбек


Каспий теңізінде мұнай төгілгенін көрсететін спутник суреттер.
Каспий теңізінде мұнай төгілгенін көрсететін спутник суреттер.

Ғарыш мониторингінің мәліметтері бойынша, 30 наурызда Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнында мұнай төгілген. Бұл туралы эколог Галина Чернова желідегі парақшасында хабарлады. Мұнай төгілген аумақ – 7 шаршы шақырым.

Мұнай төгілуіне мына жайттар себеп болуы мүмкін:

  • Мұнай өндіру жұмыстары кезінде байқаусызда я апаттық жағдайда төгілу
  • Құрамында мұнайы бар өндірістік суды ағызу. Негізі мұндай сулар құрлыққа шығарылып, утилизация жасалуы керек.
  • Кемелерге мұнай құю кезінде төгілу.

Экологтар Қашағанда мұнай өндіріп жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) мұнай төгілу себебін сұраған. Бұған қоса Атырау облысы экология департаментіне "компанияға қандай шара қабылданды және теңіз бен теңіздегі тіршілікке зиян болды ма?" деген сауал жолдаған.

NCOC экологтардың мәлімдемесіне қатысты әзірге ештеңе деген жоқ. Ал Атырау облысы экология департаменті теңізді барып тексеріп, мұнай өндіретін жерден сынама алынатынын мәлімдеді.

"Бұл факті расталатын болса NCOC компаниясына кезектен тыс тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесі кейін хабарланады" деп мәлімдеді департамент.

29 наурызда NCOC өкілдері Дамба ауылында компания жұмысына қатысты қоғамдық тыңдау өткізген. Жиында менеджерлер компания ауаны да, теңізді де ластап жатқан жоқ деп мәлімдеген.

2023 жылы сәуірде Bloomberg сайты Қазақстан үкіметі елдегі Қашаған және Қарашығанан кен орнынан мұнай өндіріп жатқан компанияларға қарсы халықаралық арбитражға шағым түсіргенін жазған. Астана Қашағанда экология заңын бұзу бойынша 10 факт тіркелгенін мәлімдеген.

Кейін Астана соты Қашағанда мұнай өндіріп жатқан NCOC компаниясының Атырау облысы экология департаментіне қарсы шағымын ішінара қанағаттандырған. Сот 10 заң бұзу фактісінің үшеуін алып тастаған. 2023 жылы қазанда Bloomberg сайты NCOC компаниясы 5,1 млрд доллар айыппұлға қатысты халықаралық арбитраж сотында дауламақ деп жазған.

Кейін Қазақстан экология министрлігі кассациялық шағым түсіріп, Атыраудағы әкімшілік соттың апелляциялық алқасы NCOC компаниясына 5,1 млрд доллар айыппұл салған. Артынша айыппұл толық төленгені айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG