Accessibility links

Белсенді "қамаудағы жағдайға шыдамай" өзін зақымдаған. Полиция мұны растады


Белсенді Бауыржан Атинбаев
Белсенді Бауыржан Атинбаев

Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы уақытша ұстау изоляторында әкімшілік жазасын өтеп шыққан белсенді Бауыржан Атинбаев қамаудағы жағдайды айтып, шағымданды. Ол мекемеден шыққан соң ондағы жағдайға шыдамай, қолын төрт рет тілгенін көрсетті.

Атинбаевтың айтуынша, изоляторда бір апта жылу болмаған. Ол қамауға 2 наурызда түскен.

- Изоляторда тұтқындарға жағдай жасалмайды. Тар бөлмеде бес адам жаттық, қозғалуға орын жоқ, әжетхана ашық, сол жерде ас ішеміз. Еден бетон. Алғашқы аптада күн де суық болды, камерада тоңдық. Орын табылмай, сол бетонның үстінде жатқан адамдарды да көрдім. Бір сөзбен айтсақ, сау кіріп, ауру болып шығып жатырмыз, – деді Атинбаев Азаттыққа.

Ол Шонжыдағы уақытша ұстау изоляторында 25 тәулік жатты. Атинбаевтың сөзінше, әлдекімдер намысына тиетін сөздер айтып, арада жанжал болған. Ол "мұны мекеме басшылығы қасақана істеді" деп санайды. Атинбаевпен бір камерада отырған белсенді Абзал Достияров солай ойлайды. Ол да абақтада арандатушылар болғанын айтқан.

Атинбаевтың айтуынша, арандатушымен болған жанжалдан кейін мекеме әкімшілігі өзін кінәлі етіп шығарған.

- Мені арандатқан адам бірінші намысыма тиетін түрлі сөз айтты, менің белсенділігіме тиісті. Сол кезде орындықтың басын жұлып алған едім, сол үшін абақты әкімшілігі тәртіпке бағынбадың деп маған тағы 7 тәулік қосып берді. Ал мені арандатқан адамды жай ғана басқа жаққа ауыстырды, – деді Атинбаев бостандыққа шыққан күні.

Бауыржан Атинбаев журналист Думан Мұхамедкәрімнің сотына барғаны үшін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деген айыппен қамалған. Белсенді бұл айыппен келіспейді.

Ол мекемедегі жағдай туралы, құқығы бұзылып жатқанын айтып прокурорға шағымданған. Бірақ ол "прокурор шағымына құлақ аспаған соң денесін зақымдағанын" айтады.

Алматы облысы Ұйғыр ауданының полиция бөлімі мекемеде әкімшілік жазасын өтеген Бауыржан Атинбаевтың өзіне қол жұмсамақ болғанын растады.

"Бауыржан Атинбаев заңсыз қамалғанын, сот шешіміне келіспейтін айтып, наразылық білдірді. Біреулермен байланысу үшін ұялы телефон сұрады. Бұл мекеменің ішкі тәртібіне сай келмейді. Осы наразылығын жеткізу үшін қолын тілді" деді полиция бөлімінің бастығы Ерлік Үркімбаев Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында.

Үркімбаев осы оқиғадан кейін Алматы облысы полиция департаменті қызметтік тексеріс бастағанын мәлімдеді.

Ол "абақтыға араңдатушы кіргізілгені жөнінде факт тіркелген жоқ" деп жазды. Үркімбаевтың сөзінше, изоляторда қамалғандарға жағдай заңда бекітілген талапқа сай жасалады. Былтыр қамаудағы жағдайға байланысты ешкім шағым түсірмеген.

"Бөлім басшылығы мен аудандық прокуратура тарапынан тұтқындардың хәл жағдайы күнде тексеріледі. Уақытша ұстау изоляторында 25 орындық алты камера бар" дейді Ерлік Үркімбаев Азаттыққа.

Кейінгі кезде қамауда отырған белсенділер арандатуға тап болғанын жиі айтып жүр. Қаңтар оқиғасынан кейін "әуежайға шабуыл жасады" деген айыппен сотталып, түрмеде отырған Әйгерім Тілеужанның камерасында жанжал болып, үстінен “Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру” бабы бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалған. Адвокаты мұны арандату деп санайды. Билікті сынап жүрген, қазір қамауда жазасын өтеп жатқан Тимур Дәнебаевтың қорғаушылары да оған камералас адам шабуылдап, жанжал шығаруға тырысқанын айтқан.

Органдар қамау орындағы арандату фактілерін жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG