Accessibility links

Тоқаев тасқыннан үйсіз қалған жұрттың баспана мәселесін шешуді тапсырды


Орал қаласындағы тасқын. 1 сәуір 2024 жыл.
Орал қаласындағы тасқын. 1 сәуір 2024 жыл.

4 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тасқыннан зардап шеккен БҚО-ға барып, жағдайдың қиындауына дайын болуға шақырып, бұл жайттан "сабақ алу керегін" мәлімдеді.

Ол жедел штабтың жиынында үкіметке және тасқыннан зардап шеккен облыстардың басшыларына қысқа уақытта жаңа үйлер салуды, жөндеуге келетін үйлерді қалпына келтіруді тапсырды.

Бұған қоса ол білім саласында су мәселесіне қатысты мамандарды дайындауды елеусіздік қалдырдық деп, тез арада гидротехник, ирригатор, жалпы су саласына байланысты мамандарды тез арада даярлауы керектігін айтты.

"Көктем мезгілінде қар шығару, өзендердің қауіпті учаскелеріндегі мұзды жару, қарғын су жүретін арналар жасау және басқа да қажетті шаралар алдын ала жүргізілуге тиіс. Жаз-күз маусымында өзендердің арналарын уақытылы тазалауды, табанын тереңдетуді және сағаларын кеңейтуді, автомобиль мен теміржолдардың бойындағы қолданыстағы су өткелдерінің қуаттылығын арттырып, жаңасын салу қажет. Қорғаныс бөгеттері мен су жүретін каналдар салу керек. Бұл міндет республикалық штабқа және үкіметке жүктеледі" деді Тоқаев.

Бұған қоса, Қазақстан басшысы тез арада коммуналдық және әлеуметтік инфраструктураны қалпына келтіріп, азық-түлік және аса қажетті тауарлардың бағасын бақылауда ұстау керегін айтты.

Тоқаев 2 сәуірде төтенше жағдай жарияланған БҚО облысына сапарында Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарына барып, эвакуациялық пунктіде паналап отырған жұртпен кездескен.

"Хал-жағдайларыңызды білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет, үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады" деген Тоқаев.

БҚО әкімдігінің мәліметінше, Орал және облыстағы алты аудан тасқыннан зардап шеккен. 552 үй мен 527 саяжайды су алған. БҚО-ның өзінше жеті мыңдай адам эвакуацияланды.

Ал бүкіл елде 19 мың адам эвакуация жасалған. Ақтөбе облысында, Ақмола, Абай, Қостанай облысында бірнеше ауданда төтенше жағдай жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG