Accessibility links

Тоқаев тасқыннан зардап шеккендерді "қапаланбауға" шақырып, қазақстандықтарды "бірігуге" үндеді


Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның батысы, солтүстігі мен шығысындағы су тасқынын ұзақ жылдар бойы болмаған "табиғи апат" деп атады. 6 сәуірде су тасқынына байланысты қазақстандықтарға мәлімдеме жасаған Тоқаевтың төрт минуттық видеожазбасын Ақорда жариялады.

Тоқаевтың мәлімдемесі Қазақстанның батысында 65 мың халық тұратын Құлсары қаласын су басып жатқан шақта жарияланды. Жем өзені тасып, мыңдаған үй су астында қалды, жолдарды су шайды, халық эвакуацияланып жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Атырауды да су басуы мүмкін деген қауіп айтқан.

Су тасқынына байланысты Қазақстанның он облысында жергілікті дәрежеде төтенше жағдай жарияланды.

Тоқаевтың өзі Жайық тасып, жүздеген адам эвакуацияланған Батыс Қазақстан облысына 4 сәуірде барған. Ол тұрғындарға жағдай ушығып кетуі мүмкін екенін, соған да дайын болуға шақырған. Оралдан Тоқаев Өзбекстанға ұшқан.

6 сәуірде Тоқаев үкімет шенеуніктері су басқан аймақтарға баратынын, су тасқынымен күреске қосымша әскер жіберілетінін айтты.

"Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Ондаған мың ерікті де көмектесіп жүр. Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы азаматтардың амандығы" деді Тоқаев.

Су тасқынан қаза болғандар бар, бірақ Астана әзірге толық ақпарат жарияламады. Осы аптада Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында 10 жасар баланың өлгені хабарланған. Оқушы бала ауыл сыртындағы сайға барып, қар суына батып мерт болған. Абай облысында төрт адам із-түзсіз жоғалды. Аягөз ауданының Қарағаш ауылында екі адам суға кетті деп айтылады. 39-жастағы Шалқар Қажыгереев пен Қуанышбек Мырзағазин 26 наурызда трактормен 10 сағат бойы өзен ортасында қалып қойған, бірақ көмек келмеген. Ауыл әкімі Азаттыққа ауданнан "көмек сұрағанын", бірақ көмек келмегенін жеткізді. Айғыз ауылы маңындағы Үйтас қыстауының малшысы 47 жастағы Әділжан Құлқаевты 23 наурызда тасқын ағызып әкеткен. Үржар ауданында 23 жастағы тұрғын да іздестіріліп жатыр, ол да өзенге ағып кеткен болуы мүмкін деген болжам айтылды.

Тоқаев сенбі күнгі мәлімдемесінде тасқыннан зардап шеккендердің "бірде-бірін көмексіз қалдырмауға" уәде беріп, оларға материалдық көмек те берілетінін атап өтті. Ол ірі тасқыннан сабақ алуға тиіспіз деді.

Тоқаев сонымен бірге ақпарат құралдары мен блогерлерді халықты дүрліктіретін тексерілмеген ақпараттарды жарияламауға шақырды. Ол осындай күрделі шақта бірлік пен күш жұмылдырудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан билігі су тасқыны шарықтау шегіне жетпеді деп санайды. Олар ірі апатқа күннің күрт жылынуы себеп болғанын айтады. Сарапшылар табиғи фактор айтарлықтай әсер еткенін айтса да су тасқынынының алдын алу жұмыстары жеткіліксіз жүргізілгендігін де алға тартады. Мамандар өзен арналары мен каналдардың түбі лайланып, таязданғанын, жағаны күшейту жұмыстары жүргізілмегенін, арық жүйелері тазаланбағанын, дер кезінде қар әкетілмегенін айтады.

XS
SM
MD
LG