Accessibility links

Түркия Тәжікстанмен визасыз режимнің күшін жойды


Түркия президенті Режеп Ердоған Тәжікстанмен визасыз режимнің күшін жоятын жарлыққа қол қойды. 5 сәуірде қол қойылған шешімді сенбі күні үкімет басылымы жариялады.

Мұндай шара шетел және халықаралық қорғау туралы заң негізінде қабылданған, шешім басылымға жарияланған күннен бастап күшіне енді.

Душанбе ақпаратқа түсініктеме бермеді. Алайда Азаттықтың Тәжік қызметі екі дереккөзге сүйене отырып, тәжік үкіметі ақпаратты растағанын жазды.

"Түркия шынымен виза енгізеді, алайда оның шарттары, мерзімі мен өзге де жай-жапсары белгісіз" деді дереккөз.

Түркияның Тәжікстанмен визасыз режимді алып тастау себебі ресми түрде айтылмады, алайда кей ресейлік БАҚ мұны Ресейдегі терактімен байланыстырады.

22 наурызда қаруланған бірнеше адам Мәскеу түбіндегі "Крокус сити холға" шабуылдаған. Соның салдарынан 140-тан астам адам қаза болған, жүздеген адам жараланған. Күштік құрылымдар теракті жасады деген күдікпен Тәжікстанның төрт азаматын ұстады. Тағы бірнеше тәжік азаматы терактіге қатысы бар деген күдікке ілінді. Шабуылды "Ислам мемлекеті" радикалды қарулы тобы мойнына алған. Ресей билігі Батыс пен Украинаны шабуылды ұйымдастырды деп айыптады, Киев пен батыс елдері айыптауларды жоққа шығарды.

Түріктің Hürriyet басылымының жазуынша, "Крокустағы" шабуылға күдікті атанған екі адам – Фаридун Шамсиддин және Саидакрами Рачабализода теракт болмай тұрып Түркияда болған. Соңғы аталған азамат Стамбулға 2024 жылдың 5 қаңтарында ұшып барған. Басылымның жазуынша, олар Мәскеуге бір ұшақпен 2 наурызда ұшып келген.

Осы аптада түрік басылымдары Стамбулда терактіге қатысы бар деген күдікпен тәжік азаматының ұсталғанын жазған. Hürriyet-тің жазуынша, 37 жастағы тәжік азаматы – "Ислам мемлекеті" қарулы тобының жақтасы.

Тәжікстан Түркия визасыз режимді алып тастаған Орталық Азия аймағындағы екінші ел. 2022 жылы Анкара Түркіменстанмен де визасыз режимді алып тастаған. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары Түркияға визасыз бара алады.

XS
SM
MD
LG