Accessibility links

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ апат орнынан 72 мыңнан астам адам құтқарылғанын хабарлады


Құлсарыда су басқан үйлер, 5 сәуір 2024 жыл.
Құлсарыда су басқан үйлер, 5 сәуір 2024 жыл.

Су тасқыны басталғалы бері эвакуация аймақтарынан 72 мыңнан астам адам құтқарылды, 16 мыңы бала деп мәлімдеді төтенше жағдай министрлігі. Эвакуацияланған халықтың үштен бірі ғана уақытша қоныстандыру орындарына орналасқан, қалғаны туыстарына кеткен.

Қазір Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жағдай күрделі.

"Ақмола облысында екі ірі су қоймасы 99 пайызға толды, екі нысан да транзиттік режимде істеп жатыр" деді 6 сәуір күнгі брифинг кезінде су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева. Оның сөзінше, Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасы 95 пайызға толған.

Аймақтағы құтқару операцияларына төтенше жағдай министрлігі, қорғаныс министрлігі және ұлттық гвардия күштері жұмылдырылған. ТЖМ хабарлауынша, қазіргі кезде 7,5 млн текшеметр еріген қар суы сорылған.

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында жағдай күрделі. Қалада 66 мың халық тұрады. 6 сәуір кешкі жағдай бойынша, ауданнан 28,5 мың тұрғын эвакуацияланған, 6 781-і – бала. Жұрт қайық, тікұшақ және әскери техника арқылы көшіріліп жатыр.

Атырау облысында 7 сәуірде Ұлы Жем өзенінің арнасын бұру үшін жасанды бөгеттерді жару жұмыстары басталды. Әкімдіктің хабарлауынша, оларды кезінде су жинау үшін шаруа қожалықтары салған.

Қостанай облысында Тобыл өзені көтеріліп жатыр. Мұнда су деңгейі 825 см-ге дейін көтерілуі мүмкін екені айтылды, 600 см қауіпті деңгей болып саналады.

7 сәуірдегі мәлімет бойынша, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 3686 жеке үй, 557 аула және 1822 саяжай үйі су астында қалған. Эвакуация пунктерінде 14 мыңнан астам адам тұрып жатыр.

Апат-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 1300-ге жуық техника, 7 тікұшақ жұмылдырылған.

XS
SM
MD
LG