Accessibility links

Ресей әскері Украинаны дрондармен атқылады. Одессада нысандар қирады, Харьков және Запорожье облыстарында жарылыс естілді


Ресей әскері 7 сәуірге қараған түні Украинаны дрондармен атқылады. Харьков және Запорожье облыстарында жарылыс дыбысы естілді. Одессада қираған нысандар бар деп хабарлады жергілікті билік. Бұл жөнінде Настоящее время арнасы хабарлады.

"Харьков қазір жаулардың дронынан қорғанып жатыр. Бірақ бір дрон жеке үйге құлады. Өрт шықты. Зардап шеккендер туралы ақпарат тексеріліп жатыр" деді қала басшысы.

Бір күн бұрын дрондардың түнгі шабуылынан полицияның хабарлауынша, 7 адам өлген. Харьков мэрінің айтуынша, 6 сәуірде күндіз авиация бомбасының құлауынан тағы бір адам опат болған. Ресей әскері Харьков аумағында зениттік (ЗРК) SAMP-T ракета кешенінің екі ұшыру қондырғысын жойғанын хабарлаған. Украина жағы түсініктеме бермеді.

Украина қарулы күштерінің оңтүстік бөлімінің хабарлауынша, Ресей билігі Одессаға "Искандер-М" ракетасымен соққы жасаған. Соның нәтижесінде қалада өрт басталған.

Украина әскерінің әуе күштері 7 сәуірге қараған түні Ресей әскері Украинаны 17 "Шахедпен" атқылағанын хабарлады. Барлық дрон атып түсірілген. Дрондардан бөлек, Ресей әскері Х-31 авиациялық ракетасы мен "Искандер-М" баллистикалық ракетасын жіберген, олар жойылмаған.

Ал Ресейдің Украинамен шекарасындағы Белгород қаласының губернаторы Вячеслав Гладков өз кезегінде шекара маңындағы елді мекендер атқыланғанын хабарлады.

"Қатарынан бірнеше елді мекенге Украина әскері дрондармен шабуыл жасады. Зардап шеккендер жоқ" деп жазды аймақ басшысы.

Губернатордың айтуынша, Шебекино қаласы маңындағы Ленин ауылында жарылғыш зат түскен жеке үйдің шатыры өртенген. Губернатордың сөзінше, Грайворон қаласы маңындағы Дроновка ауылына Украина күштері камерасы бар дрондармен шабуылдаған, екі көлік өртеніп, газ құбыры бүлінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG