Accessibility links

Астанада "адам азаптады" деп айыпталған түрме қызметкерлері мен ұлттық гвардия өкілдерінің соты басталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Астанада ұлттық гвардия мен түрменің 11 қызметкері сотқа тартылып жатыр. Оларға №62 (АК-159/25 колониясы) мекемеде жазасын өтеп жатқан 11 тұтқынды азаптады деген айып тағылған.

9 сәуірде алдын ала сот отырысы өтті. 24 сәуірде негізгі сот отырысы басталады. Істі Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының судьясы Тамара Королевская жүргізіп жатыр. Процесс ашық.

Істе Қарағанды облысындағы № 62 мекеме қызметкерлері мен Ұлытау облысындағы қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері, ұлттық гвардияның № 6505 әскери бөлімінің өкілдері айыпталушы танылған. Айыпталушылар мен адвокаттары сотта процессуалдық заңсыздықтар туралы айтты. Олар қылмыстық істі прокурорға қайтаруды сұрады.

Сотқа дейінгі тергеу амалдарын Ұлытау облысының прокуратурасы жүргізді. Қылмыстық іс 26 наурызда сотқа жөнелтілген.

Қазақстан заңнамасында азаптау айыбы бойынша 4-10 жыл аралығында түрме жазасы, 3 жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін бас прокуратура 11 қызметкер сотталушыларды "алалау мақсатында" "күш көрсетіп, қорқыту" арқылы 11 адамды азаптағанын мәлімдеген. Ведомствоның айтуынша, қылмысты "құқық қорғау органдарынан жасыру мақсатында" лауазымды тұлғалар "сотталушылардың мекеме ережесіне бағынбағанын" алға тартқан. Айыпталушылар қызметтерінен уақытша шеттетілген.

Қазақстанда тұтқындар түрмедегі азаптауға жиі шағымданады. Құқық қорғаушылар істердің көбі сотқа жетпейтінін айтады. Қазақстан билігі азаптау барын ішінара мойындайды, бірақ онымен күресіп жатқанын айтады.

XS
SM
MD
LG