Accessibility links

Құлсарыда үйлерін су басқан ондаған тұрғын әкімдікке барып, талаптарын айтты


Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар Жылыой ауданы әкімдігі алдында талаптарын айтып тұр. Атырау облысы, 10 сәуір 2024 жыл.
Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар Жылыой ауданы әкімдігі алдында талаптарын айтып тұр. Атырау облысы, 10 сәуір 2024 жыл.

10 сәуірде Атырау облысы Жылыой ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жергілікті әкімдікке барып, шығынды өтеп беруді талап етті.

– Суға кеткен үйімізді жөндеп берсін. Несие екі айға шегеріледі деп жатыр, бірақ бұл — екі айға артығымен төлеу, үстіне пайыз қосылады деген сөз. Коронавирус кезінде де солай болды. Үйі суға кеткен халықтың несиесі кешірілсін немесе үстіндегі пайызы алынсын. Неге несиені айтпаймыз? Үйді несиеге салдық, дүниені несиеге алдық. Бәріміз несиеде отырмыз, – деді Құлсары тұрғындарының бірі.

Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:

Құлсары қаласында тұратын зейнеткер Құттыбай Әйтешовтің айтуынша, оның өзінің және баласының үйі суға кеткен. Ол енді күзде не болады деп алаңдайды.

"Күзде үйіме кіре алмасам, бала-шағамды қайда паналатам? Үйіміз тұруға жарамсыз болса, бізге баспана берсін. Мен үйімді зейнетақыммен жөндей алмаймын ғой. Егер жөндеуге келетін болса, көмек көрсетсін деп сұраймын" деді Әйтешов.

Кей тұрғындар су тасқыны зираттарды да шайып кеткенін, су басқан үйлер маңынан мәйіттерді көргенін айтты.

"Үлкендер Басшы-ата жақта бейіт бар деген. Үлкен кісілер шырылдап жатыр. Ол жерге ковидтан қайтқан адамдарды да жерлеген. Біз енді ауыз су ішіп жатырмыз. Менің үйім суға кеткен жоқ. Екі айлық кішкентайымыз бар. Оларды сыртқа жатқызып тастады. Төтенше жағдай біткені жөнінде ақпарат шыққан жоқ. Әкімдік жауап беріп жатқан жоқ. Бізді алаңдататын нәрсе ол жаққа санитарлық көмек бола ма? Су тарқағаннан кейін ол жақта адамдар тұра ала ма? Соған үкімет жауап берсе. Жерленгеніне ұзақ болмаған сүйектер болады ғой. [Солар табылып жатыр] Фотосы бар" деді тұрғындардың бірі Азаттықтың тікелей эфир кезінде.

Жылыой ауданы әкімдігі өкілдері су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың арыз-өтініштерін тіркеп жатыр.

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов үйлерін су басқан тұрғындарға мемлекеттен көмек берілетінін айтты. "Әкімдік су тасқыны жөнінде дер кезінде ескерткен жоқ, су келгенге дейін "жағдай бақылауда" деген тұрғындардың арызы жөнінде ол:

"Су тасқынына дайындық болды. 2023 жылдың шілдесі мен қыркүйегі аралығында жүргізілді. Биыл 2024 жылдың ақпанынан кейін дайындықты қайта тексеріп шықтық. Ревизия жасап, ең қауіпті деген аймақтарда тиісті жұмыстарды жүргіздік" деді. Оның сөзінше, тасқынның қуатты болғаны соншалықты оның "үлкен бөгетті де бұзуға шамасы жетеді".

Ресми мәлімет бойынша, Құлсарыда 31 ықшам ауданның он шақтысын су басқан. Шамамен 2600 үй су астында қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG