Accessibility links

Сарань қаласының екі тұрғыны "алауыздық қоздыру" және "сепаратизм" бойынша сотталды


Сарань қаласы.
Сарань қаласы.

Қазақстанда туған, Сарань қаласында бірнеше жыл тұрған Германия азаматы А.Коростелевті сот "алауыздық қоздыру" бабымен кінәлі деп танып, 3.5 жылға еркіндігінен айырды. 9 сәуірде сотталушының апелляциялық шағымын қараған Қарағанды облыстық соты үкімді өзгертпеді.

Коростелев жәбірленушілердің өтемақы қорына 69 мың теңге (шамамен 150 доллар) төлеуге міндеттелді, дегенмен істе жәбірленуші жоқ. Коростелев пен оның адвокаты "кінәні дәлелдейтін айғақ болмағандықтан" ақтауды сұрады. Азаттық сотталушының адвокатына хабарласқанмен жауап ала алмады.

Іс материалдарына сүйенсек, 2023 жылы мамырда ер адам TikTok желісінде видео жариялап, онда "былапыт сөз" айтып, "қазақ ұлтына қатысты теріс пікір" білдірген. Ол келесі видеода айтқан пікірі "барлық қазаққа қатысты емес екенін" түсіндірген. Психологиялық-филологиялық сараптама видеода "ұлттық алауыздық қоздыратын белгілер" бар деп тұжырым жасаған.

Сотта Коростелев тағылған айыпты жоққа шығарды. Оның пікірінше, оның видеосы "барлық қазаққа қатысты емес" – "әлуметтік желіде орыстарға қатысты намысқа тиетін сөз айтқан" "белгілі бір тұлғаларға" бағытталған. Атап айтқанда, оны "орыстарды қуу керек" және күш көрсетуге шақырған сөздер наразы еткен. Ол қазақтарды жек көрмейтінін және оларды "бауыр халық" көретінін жеткізген.

Қарағанды облысында телекоммуникация желілері арқылы "ұлттық алауыздық қоздырып", "сепаратистік әрекетке" шақырды, осылайша Қазақстанның тұтастығын бұзуға насихаттады деп айыпталған Сарань қаласының тағы бір тұрғыны С.Галеев 5 жылға еркіндігінен айырылды. Сот оны жәбірленушілердің өтемақы қорына 69 мың теңге төлеуге міндеттеген.

Айыптау тарабының болжамынша, 2023 жылы шілдеде ресейліктермен "Рулетка" чатымен сөйлескен Галеев "Петропавл Ресейге тиесілі" деп тұжырымдаған. Ол қаланы Ресейге қосу бойынша референдум өтсе, қосуды қолдайтынын, ал қарулы қақтығыс бола қалса, Ресей жағында соғысатынын айтқан.

"Рулетка" чатында өзге қатысушымен әңгімеде ол Қазақстанды Ресейге қосу қажеттігін айтып, украин ұлты өкілдерінің намысына тиетін сөз айтқан. Оларды "неонацист" деп айыптаған. Галеев айыбын мойындап, прокурормен кінәсін мойындағаны жөнінде процессуалдық келісімге қол қойған. Сот үкімі 4 қаңтарда оқылды, ақпанда күшіне енген. 19 наурызда Галеев "экстремизм және терроризмге қатысы бар тұлғалардың" тізіміне енгізілген.

XS
SM
MD
LG