Accessibility links

Ақтөбе облысы: Су басқан Берсиев ауылында 236 үйдің 20-ға жуығы ғана тұруға жарамды


Су тасқынынан кейінгі Берсиев ауылы. Ақтөбе облысы, 11 сәуір 2024 жыл.
Су тасқынынан кейінгі Берсиев ауылы. Ақтөбе облысы, 11 сәуір 2024 жыл.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Берсиев ауылындағы тасқын су басқан 236 үйдің 18-і ғана тұруға жарамды. Су басқан ауылдағы 218 үй қирап қалған, құламағандарының өзі тұруға жарамсыз. Бұл туралы Азаттыққа Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев хабарлады.

Аудан әкімінің сөзінше, Берсиев ауылында 3-4 күннен бері жарық жанып тұр. Ауыз су бүгін, бейсенбі күні кешкілік берілуі тиіс. "Ауыз су құбырлары хлорланып жатыр, ауыл дезинфекциялана бастады" дейді Қазыбаев.

Ойылдық ерікті Абат Еңсегенов ауылдың дезинфекциялануы туралы Қазыбаевтың сөзін жоққа шығарып отыр.

- Арам өлген мал әлі күнге жиналып бітпесе, ауыл қалай дезинфекцияланады? Дезинфекция әлі басталған да жоқ. Өлексені жинауды әкімдік шаруа қожалықтары мен тұрғындарға тапсырған. Арам өлген малды жинаймын деп жүріп, ауыл тұрғыны ауыр жарақат алды, - дейді Абат Еңсегенов.

Өлексе тиелген тіркемені жеке тракторымен сүйреп бара жатып жарақат алған Манарбек Серікұлы қазір Ақтөбедегі көпсалалы облыстық ауруханада. Науқастың ағасы Алтынбек Серікұлының айтуынша, тракторға байланған болат тросс үзіліп кетіп, Манарбектің бас сүйегін зақымдаған.

«Бауырым бес күндей Ойылдағы ауруханада жатып қалды. Сәуірдің 8-і күні санавиациямен әкетіп, Ақтөбеде ота жасаған» дейді Алтынбек Серікұлы.

- 1996 жылы туған Манарбек Серікұлына 11 сәуір күні ота жасалып, бассүйегінің сынған фрагменттері алынып тасталды. Қазір пациенттің жағдайы тұрақты, - деп хабарлады Азаттыққа нейрохирург Бекет Нұрлыбайұлы.

Берсиев ауылында 1850 адам тұрған. Тасқын кезінде эвакуацияланған 80 тұрғын қазір аудан орталығы Ойылдағы спорт мектебі, колледж бен жергілікті лицей ғимаратын паналап отыр. Туыстарының үйінде тұрып жатқандар да бар. Кейбіреулер аудан орталығынан үй жалдаған.

Баспаналары жарамсыз боп қалғандықтан ерлер жағы Берсиев ауылындағы орта мектептің ғимаратында. Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев бейсенбі күні Берсиев ауылына 55 шатыр жеткізілетінін хабарлады. Су тасқыны кезінде Ойыл ауданының Берсиев, Екпетал, Жаңа баз ауылдарындағы кемінде 271 үй бүлінген.

11 сәуір күнгі дерек бойынша Ақтөбе облысында су тасқынынан 3 200-ден астам малдың арам өлгені анықталған. “1223-і өртелді” деп хабарлады Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айтбек Сембай.

Сембайдың сөзінше, арам өлген малды өртеу үшін Астанадан 40 тонналық жылжымалы қоқыс өртегіш әкелінген.

Мал иелеріне мемлекет тарапынан өтемақы беріледі. Өтемақы тағайындалғанда малдың нарықтағы бағасы ескеріледі.

Тасқыннан қырылған мал басы әлі толық саналып бітпеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG