Accessibility links

Орынборда Жайық деңгейі 10 метрден асты


Орынбор, 10 сәуір 2024 жыл.
Орынбор, 10 сәуір 2024 жыл.

11 сәуір таңертеңге қарай Орынборда Жайық деңгейі 10,6 метрге дейін көтеріліп, қауіпті межеден 1,3 метрге асты. Су әлі келіп жатыр деп хабарлады Орынбор облысының әкімшілігі.

Ал су басқан және бөгеті жарылған Ор қаласында Жайық деңгейі 8,6 метр болған. Қазір аймақта 12 мыңға жуық тұрғын үй, шамамен 15 мың үй іргесіндегі телім мен зират су астында қалған.

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтан 7800 адам эвакуацияланған, 1,5 мың адам уақытша қоныстандыру пунктерінде тұрып жатыр. Су көтерілгелі бері аймақта су тасқынына байланысты 175 адам медициналық көмекке жүгінген, 16-сы ауруханаға жатқызылған.

Су басқан аймақтардан 615 мал қауіпсіз жерге әкетілген. Жергілікті ипподромнан жылқылар эвакуацияланған.

Орынбор облысына Ресейдің өзге аймақтарынан 700 мыңнан астам тонна гуманитарлық көмек жеткізілген. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тұрғындар су, тамақ және өзге де гигиена заттарын алу үшін дүкендерде кезекке тұрып жатыр. Азық-түлік паспортпен беріледі.

Орынбор билігінің болжамынша, алдағы күндері Жайық деңгейі көтеріле береді. 3,5 мың үйге су басу қаупі төнген. Екі федералдық трассаны су шаюы мүмкін деген болжам айтылып жатыр. Әзірге трассада қозғалыс шектелмеді.

Аймақта Ресей төтенше жағдай министрі Александр Куренков және құрылыс министрі Ирек Файзуллин жүр. Файзуллин. бұған дейін Ордағы бөгет "қорғанға көбірек ұқсайды" деп мәлімдеп, оның "бұзылуына кеміргіштер кінәлі" деген болжамды тексеруге уәде берді. Бұған дейін мұндай болжамды Ордағы бөгетті салған компанияның директоры айтқан. Ал жергілікті тұрғындар бөгеттің бұзылуына шенеуніктердің салғырттығын кінәлады.

  • Өткен аптаның соңында Орынбор облысында су тасқыны болды. Бақылаушылар бақылау тарихында бұрын-соңды осыншалықты дәрежеде су көп келмегенін айтады. Жексенбі күні үкімет комиссиясы Орынборда төтенше жағдай жариялады. 21 млрд рубль көлемінде инфрақұрылымға зардап келгені айтылды.
  • Орынбор облысы Қазақстанмен шектесіп жатыр. Қазақстанның шекаралас аудандары көп су келеді деп болжап отыр.

XS
SM
MD
LG