Accessibility links

Алматы мен Ақтөбе облыстарында жарылған бөгеттерге жауапты тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр


Су тасқынынан жарылған Мағажан бөгеті. Ақтөбе облысы Хромтау ауданы 5 сәуір 2024 жыл.
Су тасқынынан жарылған Мағажан бөгеті. Ақтөбе облысы Хромтау ауданы 5 сәуір 2024 жыл.

Алматы мен Ақтөбе облыстарында жарылған су қоймаларына жауапты тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр деп хабарлады қаржы мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов орталық коммуникациялық қызметінің брифингісі кезінде. Бұл жөнінде "Власть" сайты жазды.

Ұлытау облысында өзенді тазалау жұмыстарының атқарылмауына байланысты тергеу жүріп жатыр, өзен тазаланбағандықтан су тасыған деп айтылады.

Әбділовтың сөзінше, Алматыда Аюсай бассейнінде селді ұстап тұратын бөгет салған компания 775 млн теңге қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген.

Аталған бассейнде селден қорғайтын бөгет салынып жатқаны былтыр хабарланған. Оның құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс болған. Аюсай шатқалында кейінгі жылдары көп ойын-сауық орталықтары салынған.

Ал Ақтөбе облысында Мағажан бөгетіне жауапты компания жетекшісі оны тиісті дәрежеде күтіп ұстамады деген күдікке ілінген.

"Ақтөбе облысында Мағажан бөгетін сенімді басқаруға алған компания басшысына қатысты қызметтік міндеттеріне адалдық танытпау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 2014 жылы бөгет балық аулаумен айналысатын жеке серіктестікке сенімді басқаруға берілген. Алайда компания бөгетті күтіп ұстау және оған қызмет көрсету бойынша өз міндеттерін тиісті дәрежеде орындамаған" деді агенттіктің ресми өкілі.

5 сәуірде Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы Мағажан су бөгеті бұзылып, Ақтөбе мен Алға ауданындағы бірқатар елді мекендерге су келіп, 215 адам эвакуацияланған.

Брифинг кезінде сонымен бірге Ұлытау облысында су тасқыны болмас үшін Жезді өзеніне санация жасауға тиіс болған компанияға 400 млн теңге бөлінгені, бірақ 282,5 млн теңгеге ғана жұмыс атқарылғаны айтылды. Аймақты су шайып, 26 үйді су басқан, 174 адам эвакуацияланған. Бұл оқиға бойынша да сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқаны хабарланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG