Accessibility links

"Бишімбаев ісі" бойынша айыпталушы: Қылмыс болған күні президенттік күзет қызметінің өкілі де мейрамханада болды


Бишімбаев сотында "қылмысты жасырды", "аса ауыр қылмыс туралы хабарламады" деп айыпталған Бақытжан Байжанов сот залында. 29 наурыз 2024 жыл.
Бишімбаев сотында "қылмысты жасырды", "аса ауыр қылмыс туралы хабарламады" деп айыпталған Бақытжан Байжанов сот залында. 29 наурыз 2024 жыл.

11 сәуірде Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Бейсенбі күні екінші айыпталушы Бақытжан Байжановтан жауап алынды. Оған "қылмысты жасырды", "аса ауыр қылмыс туралы хабарламады" деген айыптар тағылған.

Сот отырысы Бишімбаев жауабынан басталды. Айыптау тарабы одан желтоқсанда тергеу амалдарынан бас тартуының себебін сұрады. Ол білікті қорғаушы болмағанын, тағы бір кезде өзін нашар сезінгенін айтты.

Сот отырысының бірінші бөлігіне кешігіп қалған Бишімбаевтың қалған екі адвокаты кіргізілмеді. Бұдан соң адвокаттар судья Айжан Құлбаеваны ауыстыру туралы өтініш берді. Бірақ қорғау тарабының өтініші орындалмады.

Бұдан кейін Бақытжан Байжановтан жауап алынды. Ол өз сөзін қағаздан оқып берді. Ол Салтанатқа көмектесе алмағанына өкінетінін білдіріп, марқұмның туыстарынан кешірім сұрады.

Байжанов өзінің "жеңілтектігі мен аңдаусыз әрекетінің салдарынан Салтанаттың жағдайы ауыр екенін сезбегенін" жеткізді.

"Бишімбаев мені көмекке шақырды. Кабинкаға кірдім. Маған Салтанат қатты әрі жылдам тыныс алып жатқандай көрінді. Ол ұйықтап жатыр екен деп ойладым. Оған аса мән бермедім. Олар түні бойы ұйықтамай, ішімдік ішіп, қатты шаршаған болар деп топшыладым. Аңдаусыз әрекетімнің салдарынан оның жиі тыныс алғанын шаршау деп қате түсінгенімді енді аңғарып отырмын" деді ол.

Ол Салтанаттың денесінен көгерген іздерді бұрын да көргенін, сондықтан таң қалмағанын айтты.

Байжанов "жағдайға араласа алмағанын, бірақ Салтанатты аяғанын" жеткізді.

"Менің қазақы менталитетім, қазақы тәрбием, қарапайым мінезім өзімнен үлкен Бишімбаевқа ақыл айтуға немесе олардың отбасылық өміріне немесе қатынастарына араласуға мүмкіндік бермеді" деді Байжанов.

Бақытжан Байжанов сотта қылмыс болған күні мейрамханадан президенттік күзет қызметінің өкілін көргенін айтып, ол соққыға жығылған Салтанатты көрген болуы мүмкін деп болжайды.

"Таңғы сағат 11 шамасында президенттің күзет қызметінің қызметкері мейрамханаға кірді. Мен оны ортақ залда кездестірдім, онда Бишімбаев пен Салтанат болған VIP-зал орналасқан. Оның жанында "Гастро-орталық" әкімшісі Гүлзада болды. Қызметкер залды аралап қарады, кейін балконға шықты, ол жерден "Талан тауэрс" бизнес орталығы көрінеді. Ол сол ғимаратқа қарады. VIP-залдың терезесінің жанында тұрды, оның перделері ашық болған. Ол залдың ішіне қараса Салтанат пен Бишімбаевты көретін еді. Бірақ оларды байқады ма, жоқ па, оны білмеймін, өзі ештеңе айтпады. Шынымды айтсам, мен ол кезде бұл жөнінде ойламаппын" деді Байжанов.

Ол қамауда отырғанда "Бишімбаевқа қылмыстың ізін жасыруға біреу көмектессе, оған күзет қызметкерінің келгенін хабарлайтын еді" деген ой келгенін айтты.

Байжанов сот кезінде Бишімбаевтың қызба, тез ашуланатын адам екенін атап өтті. Оның сөзінше, ол Нүкенованың дау шығарып, Бишімбаевты балағаттағанын ешқашан көрмегенін айтты.

Бұған дейін Байжанов Бишімбаевтың қысымына шағымданған. Оның сөзінше, жедел жәрдемді өзі шақырғанмен Бишімбаев "екеуіміз бірге шақырдық деп айт" деп қысым жасаған.

"Бишімбаев маған "жедел жәрдемді бірге шақырдық деп айт" деп бұйырды. Әйтпесе "осы нәрсе басыңа келсін деп қарғаймын" деп айтты" деді Байжанов.

Келесі сот отырысы 15 сәуірге белгіленді.

XS
SM
MD
LG