Accessibility links

Қазақстанда "адам өлтірді" деген күдікке іліккен ресейлік кәсіпкер сырттай тұтқындалды


Қазақстан ішкі істер министрлігінің ғимараты.
Қазақстан ішкі істер министрлігінің ғимараты.

Қазақстанда «адам өлтірді» деген күдікке іліккен ресейлік кәсіпкерге сот шешімімен бұлтартпау шарасы сырттай қолданылды. Бұл туралы Азаттыққа ішкі істер министрлігі хабарлады.

Мәселе ағайынды Михаил және Александр Сутягинскийлер туралы болып отыр. Оларды іздеуді Қазақстан полициясы биыл ақпанда бастаған. Сутягинскийлер «Silicium Kazakhstan» серіктестігінің бенефициарларының бірі.

Александр Сутягинский 2013 жылы наурызда өзінің серіктесі "Михаил Гаркушкинді өлтірмек болды" деген айыппен алдымен 12 жылға сотталып, кейін жазасы жұмсартылған. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Сутягинский сол кезде "қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кеткен, қазір оның қайда екені белгісіз, оған іздеу жарияланған".

Қазақстан ішкі істер министрлігі Азаттыққа Алматы қаласы полиция департаменті аталған тұлғаларға қатысты «адам өлтіру» бабымен (Қылмыстық кодекстің 99 бабы) қылмыстық істің тергеліп жатқанын растады.

- 30 қаңтар 2024 жылы ол Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3 тармағымен (адам өлтіруді ұйымдастыру)- 99-бабының 2 тармағымен күдікті деп танылды. 6 ақпан 2024 жылы оны сырттай қамауға алу туралы сот қаулысы шықты, - деп мәлімдеді ішкі істер министрлігі.

"Интерфакс" агенттігінің мәліметінше, «адам өлтіру», «адам өлтіруді ұйымдастыру» күдігіне Ресей думасының бұрынғы депутаты Михаил Сутягинский де іліккен.

«Баско» компаниясының заңгері Ирина Николаева Қазақстан полициясы он жылдан бері іздеп жатқан Александр Сутягинскийдің 2022 жылы Ресей азаматтығын алғанын айтады.

- Біз оның 3 қазан 2022 жылы №031123 Ресей Федерациясы азаматы құжатын берілгенін анықтадық. Ол Қазақстан Республикасы азаматтығынан да шықпаған. Ал екінші тұлғаның қайда жүргені белгілі бола тұра нәтиже жоқ. Қазақстан құқық қорғау органдарының салғырт әрекеттері туралы арыз да түсірдік, жауап күтіп отырмыз, - дейді ол.

Заңгер бұдан бөлек Қазақстанға келтірген экономикалық шығындарға қатысты да бас прокуратураға арыз түсірілгенін мәлімдеді.

62 жастағы Михаил Сутягинский Ресейдің ықпалды кәсіпкерлерінің бірі. Ол Омбыдағы «Титан» компанаиялар тобының негізін қалаушы, 2008-2011 жылдардағы Ресей мемлекеттік думасының V шақырылымы депутаты болған. «Титан» компаниясының баспасөз қызметі қазақстандық БАҚ-тарға Михаил Сутягинский өзіне жариялаған халықаралық іздеу жөнінде хабарсыз екенін айтқан. Forbes басылымының жазуынша, Михаил Сутягинский іздеу жариялау фактісін "өзіне қысым жасау тетігі" ретінде бағалаған, себебі қазір ол Қазақстанда "жоғалтқан инвестициясын қайтару мақсатында халықаралық сотқа жүгінген". Қазақстан билігі бұған қатысты түсініктеме бермеді.

Александр және Михаил Сутягинский Ақмола облысы Астрахан ауданы Жалтыр ауылынла туған. Бұрын Қазақстан азаматтары болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG