Accessibility links

Құлсары-Доссор автожолын су шайып, 350-ден астам жүк көлігі тұрып қалған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Атырау облысындағы республикалық Құлсары-Доссор автожолын су шаюына байланысты 358 жүк көлігінің қозғалысы шектелді. Бұл туралы Азаттыққа көлік министрлігі хабарлады.

Көлік жүргізушісі Ержан Сембайұлы Ақтаудан Астанаға жүк тасиды. Ол 4 сәуірде Ақтаудан шыққанымен Атырау облысындағы Құлсары қаласына таяғанда тоқтауға мәжбүр болған. Жем өзені тасып, республикалық Құлсары-Доссор автожолын су шайып, жол жабылған.

Сембайұлы Құлсары маңында бір апта тұрып, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына келген. Мұнда қазір ондаған жүк көлігі тоқтап тұр. Арасында Қазақстаннан бөлек шетелдік жүргізушілер де бар.

- Көлік министрлігі Өзбекстан арқылы өткіземіз дейді. Бірақ паспорты жоқ, салық, айыппұл төлемей, шетелге шығу құқығы шектелген жүргізушілер не істейді? Төтенше жағдай кезінде бәріне бірдей жол ашуды сұраймыз, - дейді ол.

Су тасқынына байланысты аялдауға мәжбүр болған жүргізушілер жіберген видеодан Бейнеу ауданындағы жол бойы мен дәмханалар, автотұрақтарда ондаған жүк көлігін көруге болады.

“Бұл Бейнеудің солтүстік жағында тұрған жүк көліктері, арғы бетте де көліктер тоқтап тұр” дейді видео авторы.

Көлік министрлігі республикалық Құлсары-Доссор трассасының учаскесін су шайып кетуіне байланысты Құлсары маңында 358 жүк көлігінің жүруі шектелгенін хабарлады. Оның 260-ы шетелдік көліктер. Бұдан бөлек Маңғыстау облысында 67 көлік тұр.

Қазір Өзбекстанмен жүк көліктерін өткізу жөнінде келісім жүріп жатыр. Екі тарап “Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы «Тәжен» және «Қонысбаев» өткізу пункттерінен Өзбекстан аумағы арқылы отандық көліктерді транзитпен өтуінің оңайлатылған тәртібін орнату туралы мәселені пысықтап жатыр”.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG