Accessibility links

Тәжікстан СІМ "Крокустағы" терактіге күдіктілерді азаптауды айыптады


Күдіктілердің бірі Саидакрам Рачабализоде сот залында.
Күдіктілердің бірі Саидакрам Рачабализоде сот залында.

Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин "Крокус сити холдағы" терактіге күдікті деп танылған Ресейде ұсталған азаматтардың азапталуын айыптады. Бұл жөнінде Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады.

Ресейдің күштік құрылымдары халықаралық құқық принциптері мен заңнаманы, әсіресе кінәсіздік презумпциясы және ұсталғандарды азаптауға, олармен дөрекі қатынас жасауға тыйым салатын халықаралық заңнама нормаларын қатаң сақтауға тиіс деді 12 сәуірде ТМД сыртқы істер министрлер кеңесінің Минскіде өткен отырысында.

"Ашық ақпарат кеңістігінде террористік әрекетті жасады деген күдікке ілінген адамдарды ұстап, қинап азаптағаны жөнінде бейнежазбаларды көрсетуге жол берілмеуі керек. Мұндай әдіспен мойындату неге соқтыратыны бәріне белгілі" деді ол.

Сироджиддин Мухриддин сонымен бірге "Крокустағы" шабуылдан кейін "ессіз ақпараттық кампанияның" нәтижесінде "Тәжікстан азаматтары мен тәжіктерге қатысты теріс көзқарас" қалыптасып, ксенофобия туындағанын да айыптады. Ресей шенеуніктерінің тәжік министрінің мәлімдемесіне реакциясы жарияланған жоқ.

Ақпаратқа қарағанда, Минскіде Мухриддин Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездескен. Министрлердің кездесуі туралы ресми есепте ол жөнінде айтылмаған.

"Крокусқа" 22 наурыз кешке шабуыл жасалды. Одан кемінде 144 адам қаза болды. "Ислам мемлекеті" қарулы тобы шабуылды мойнына алды.

Мәскеудің Басман соты 24 наурызға қараған түні күдіктілерді қамай бастады. Басым бөлігі – Тәжікстан азаматтары. Алғашқы төрт күдікті сотқа азаптау мен соққының іздері бар күйде әкелінді. Күштік құрылымдар ұстау кезінде Саидакрами Рачабализоденің құлағын кескен. Мухаммадсобир Файзов сотқа несеп жинағышқа қосулы күйі қоларбамен әкелінді. Фаридун Шамсиддинді тоқпен қинаған. Далержон Мирзоевтың мойнында пластик пакеттің қалдығы болды – оны пакетпен тұншықтырған болуы мүмкін.

Ресей шенеуніктері, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та бар, азаптау туралы ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартты.

XS
SM
MD
LG