Accessibility links

СҚО-дағы Большая Малышка ауылында жүздеген адам эвакуацияланды


Покровка ауылы, Солтүстік Қазақстан облысы. 2024 жылғы сәуірде түсірілген фото.
Покровка ауылы, Солтүстік Қазақстан облысы. 2024 жылғы сәуірде түсірілген фото.

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Большая Малышка ауылында құтқарушылар 894 тұрғынды, оның ішінде 112 баланы эвакуациялады. Бұл туралы 15 сәуірге қараған түні Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) баспасөз қызметі хабарлады.

Тұрғындарды Пеньково ауылындағы уақытша эвакуация орталығына жеткізген, кейбірі туыстарын паналаған.

Облыстағы төтенше жағдайлар департаментінің 14 сәуірдегі мәліметі бойынша, өңірде жеті мыңнан астам адам, оның ішінде екі мыңға жуық бала эвакуацияланған. Облыстағы 1713 үй су астында қалды, 1115 ауланы су басқан.

ТЖМ мәліметінде Қазақстанда су тасқыны басталғалы бері 108 200 адам (38 706-сы — бала) құтқарылып, эвакуацияланған. 11 950 адам үйіне оралған. Уақытша паналау орындарына 7444 адам, оның ішінде 3111 бала орналастырылған. 9,4 млн текше метрден астам еріген қар суы сорылып, екі миллионнан астам қап және 1,2 миллион тонна инертті материал төселген деген дерек келтірген.

15 сәуір таңертең ТЖМ бұйрығына сәйкес, Атырау облысы Құлсары қаласынан эвакуацияланған адамдарға мемлекеттік материалдық резервтен 264 тонна азық-түлік берілетіні айтылды.

Бұдан бөлек, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында тасқынға қарсы жұмысқа тартылған әскери қызметшілерге 92 тонна азық-түлік бөлінген.

14 сәуірде Есіл өзені тасып, қала маңындағы Подгора, Заречный, Кожевина және өзге де елді мекендер аумағын су басқан. Аймақтан жиынтығы 7 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Сорғы станцияларын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған электр бағандарын мұз бүлдіріп кеткен.

Подгора ауылының тұрғыны Азаттыққа "мұндай тасқынды бұрын-соңды көрмегенін" айтты.

Азаттық эфирі кезінде қала әкімі үйін су басқан тұрғындарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 370 мың теңге) бір реттік қаржылай көмек берілетінін айтты.

Петропавл қаласында электр желілері бүлінуіне байланысты қала сусыз қалған.

Азаттық тілшілері 14 сәуірде күндіз Петропавлдан – су басқан Подгора ауылына жақын маңнан тікелей эфирге шыққан. Подгора тұрғындарының жиынында қала әкімі Серік Мұхамедиев те болды. Ол Петропавлда үйлер мен пәтерлерде су жоғын растады. Әкім тұтынушыларға су "енді-енді келуге тиіс" деп айтты. Ол 14 сәуірде су бір-екі сағатқа ғана келгенін "тест өткізу кезіндегі режим" деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG