Accessibility links

"Важные истории": Орынбор облысында су тасқыны кезінде бес адам қаза болған


Ор қаласы, 8 сәуір 2024 жыл.
Ор қаласы, 8 сәуір 2024 жыл.

Орынбор облысында су тасқыны кезінде кемінде бес адам қаза болды. Бұл жөнінде марқұмдардың туыстары мен еріктілермен сөйлескен "Важные истории" басылымы жазды.

Басылымның мәліметінше, төрт адам Ор қаласында мерт болған: 65 жастағы Сергей Ларин, 82 жастағы Зоя Степанова, 70 жастағы Юрий Ларионов және 57 жастағы Рустам Ахметов. Тағы бір адам – Пригородный қалашығының 51 жастағы тұрғыны Орынбор түбінде қаза болған.

15 сәуірде Ор қаласына барған сапары кезінде төтенше жағдай министрі Александр Куренков қалада бөгет бұзылуының салдарынан қаза болғандар жоқ деп мәлімдеген.

Ор қаласындағы Чапаев көщесінде тұрған Сергей Лариннің туысы осы көшеде тағы екі адам өлгенін айтқан, алайда басылым ақпаратты тексере алмаған. Ларинді жерлеу рәсімі өтіп кетті. Алайда мәйітхана қызметкерлері оның өлімінің ресми себебін көрсетпеген.

Ор қаласында із-түзсіз жоғалғандарды іздеумен айналысатын ерікті басылымға қалада із-түзсіз жоғалғандардан гөрі қаза болғандар көп деп айтқан. "Нақты санын айта алмаймын, бірақ [қаза болғандар] көп" деді ерікті.

Ор қаласында кемінде екі адам – зейнеткер Нина Соловьева және оның 49 жастағы ұлы Әлім Сәтіғұлов жоғалған. Туыстары оларды он күннен бері іздеп жатыр.

7 сәуірде жергілікті билік Ор қаласында төрт адамның өлгенін хабарлаған, алайда қала билігі олардың өліміне су тасқыны қатысы жоғын айтқан.

  • Биылғыдай ірі ауқымдағы тасқын Орынбор облысы тарихында бұрын-соңды болмаған дейді жергілікті бақылаушылар. Үсті-үстіне көбейіп келген судың екпініне Ор қаласындағы дамбы шыдас бермей жарылып кеткен. Тасқынға федералдық сипаттағы төтенше оқиға статусы берілген. Кейінгі деректер бойынша, инфрақұрылымға келген зиян мөлшері 40 миллиард рубльден асып кетті деп бағалаған. Су тасқыны аймақтарынан 10,7 мыңнан астам адам көшірілді, шамамен 1,5 мыңы уақытша қоныстандыру орындарына орналастырылған. Су тасқынынан зардап шеккендер гуманитарлық көмек, су және бір реттік өтемақы алу үшін кезекте тұруға мәжбүр.

XS
SM
MD
LG