Accessibility links

Ресейлік әскери қызметкер зорлаған украин әйеліне нәрестесін тастап кеткені үшін іс қозғалды


Ресейдегі сот ғимараттарының бірі. Көрнекі сурет.
Ресейдегі сот ғимараттарының бірі. Көрнекі сурет.

Ресейде украин босқынына "нәрестені өлтіруге оқталды" деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде украин босқынның адвокатына сүйенген "Новая газета. Балтия" басылымы хабарлады.

Басылымның жазуынша, 2023 жылы наурызда Ресейдің оңтүстігіндегі қалалардың бірінде тұрғындардың бірі "қоқыс жәшігінен көрпеге оралған нәресте қызды" тауып алған. Полиция бақылау камерасы арқылы нәрестені тастаған әйелді тапқан. Нәрестенің анасы Ресей басып алған Украина аумағынан 2022 жылы тамызда Ресейге қоныс аударған украин босқыны болып шыққан.

Әйел адам тергеу изоляторына жіберілген. Оған адвокат тағайындалған.

Адвокаттың сөзінше, әйел адам ресейлік әскери қызметкер зорлағаннан кейін жүкті болып қалған. Түсік жасатуға ұзақ уақыт жүрегі дауаламай, кейін кеш болып кеткен. Ол бастапқыда "босанғаннан кейін нәрестесін жақсы көріп кетемін" деп ойлаған, алайда босанғаннан кейін "нәрестесін қоқыс жәшігіне апарып тастаған".

Адвокат зорлау туралы ақпаратты қорғау мақсатында пайдаланғысы келген, алайда айыпталушы "ол жөнінде ешкімге айтпауды" өтінген.

"Оны зорлау туралы айтуға көндірмек болдым, алайда әріптестерім мені райымнан қайтарды: қазір айналада болып жатқан азғындық әрекеттерді ескерсек, оның басынан өткен оқиға оған қарсы пайдаланылуы мүмкін. Қазір ол үкімді күтіп отыр. Шынымды айтсам, өкіріп жылағым келеді" деді адвокат.

"Новая газета. Балтия" айыпталушының аты-жөнін және оның қай қаладан екенін жазбады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG