Accessibility links

Қостанайлық белсендіге "тіркелмеген ұйымның ісіне араласқаны үшін" айыппұл салынды


Белсенді Алина Смаковая (оң жақта). Қостанай, 22 қараша 2023 жыл.
Белсенді Алина Смаковая (оң жақта). Қостанай, 22 қараша 2023 жыл.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық ұйымының мүшесі қостанайлық белсенді Алина Смаковаяға 184 600 теңге (412 доллар) көлемінде айыппұл салынды. Оған "тіркелмеген ұйымның ісіне араласты" деген айып тағылды. Бұл жөнінде 18 сәуірде Qaharman құқық қорғау тобы хабарлады.

Qaharman-ның жазуынша, белсендінің қудалануына Смаковаяның "Алға, Қазақстан" партиясына қалай қосылуға болатындығы жөнінде шамамен бір жыл бұрын жариялаған видеосы түрткі болған.

13 сәуір күні Астанада өткен баспасөз мәслихаты кезінде айыппұл жөнінде белсендінің өзі де айтқан еді.

"Маған Әкімшілік кодекстің 489-бабы 10-бөлігі бойынша айыппұл салды. Дәлел ретінде олар менің партияға қалай қосылуға болатындығы жөнінде түсіндірген видеороликті көрсетті" деді Смаковая. Ол шешіммен келіспейді.

Qaharman-ның мәліметінше, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы солтүстік бөлімінің қызметкері толтырған. Азаттық Қостанай облысының полиция департаментіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

13 сәуірде тіркелмеген "Алға, Қазақстан"оппозициялық партиясының белсенділері Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, белсенділерді "тіркелмеген ұйымға мүше болғаны үшін" қудалап жатқанын мәлімдеген. Баспасөз мәслихаты өтпей тұрып Астанада бірнеше орын иелері партия өкілдеріне конференция залдарын жалға беруден бас тартқан.

Жиын кезінде белсенділер ұйымды тіркеуге бұдан әрі қарай да күш сала беретінін айтты. 2022 жылдың мамыр айынан бері олар тіркеуге 20-дан астам өтініш берген, бірақ ешқайсысы қабылданбаған. Билік тізімнің талапқа сай келмейтінін айтқан. Белсенділер шешімдерді сотқа берген.

Аталған бастама топтың жетекшісі Марат Жыланбаев "экстремизмді қаржыландыру" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" баптары бойынша кінәлі танылып, жеті жылға сотталған. Белсенді мен жақтастары айыпты жоққа шығарды. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, арасында Amnesty International және Human Rights Watch та бар, Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты босатуға үндеген.

Қазақстан билігі саяси партияны тіркеу процедурасын жеңілдеткенін мәлімдегенімен, оппозиция "билікке адал саяси ұйымдар ғана тіркеліп" жатқанын мәлімдеген. Бұған дейін әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова партияларды тіркеген кезде "саяси ұстанымдарына қарамайтынын" айтқан.

"Алға, Қазақстаннан" бөлек, елде "Қазақстанның демократиялық партиясы", "Біздің құқығымыз", "Еркін халық", "Халық таңдауы", "Ел тірегі" сияқты тіркеле алмай жүрген партиялар бар. Кейбірінің жетекшілері сотталған.

XS
SM
MD
LG