Accessibility links

Оралда Жайық деңгейі көтеріліп, шамамен сегіз метрге жетті


Орал қаласындағы суға кеткен аумақтың дроннан түсірілген суреті.
Орал қаласындағы суға кеткен аумақтың дроннан түсірілген суреті.

Орал қаласындағы Жайық өзенінде су деңгейі шамамен сегіз метрге жетті. Өзен суы бір түнде 13 сантиметр көтерілген. Бұл туралы ақпаратты 19 сәуірде Батыс Қазақстан облысындағы төтенше жағдай жөніндегі штаб телеграм-арнасы жариялады.

Өңірдегі Бәйтерек ауданындағы Январцево ауылында Жайық деңгейі 8.84 метрге жеткен. Ол жақта су 28 сантиметр көтерілген.

БҚО әкімдігінің хабарлауынша, өңірде Жайық өзені бойында жалпы ұзындығы 102 шақырымға тең бөгеттер орнатылған. Олардың биіктігі екі метрден төрт жарым метрге дейін жетеді.

Облыстағы Январцево ауылы – Ресейден келетін үлкен судың жолындағы бірінші елді мекен. Оралдан жетпіс шақырым жердегі ауылда 1200 адам тұрады. Тасқыннан қорқып, үй-жайын тастап кеткендер некен-саяқ, көбі ауылда қалған. Тұрғындар қазір бөгет салу, қапшық толтыру, құм тасу жұмыстарының басы-қасында жүр. Бұдан бөлек, ауылға құтқарушылар, сарбаздар мен көрші ауылдың тұрғындары да көмекке барған.

Бұған дейін ауыл маңындағы су деңгейі 38 сантиметр көтеріліп, сегіз жарым метрден асқан еді. Мұндағы қауіпті меже – 12,5 метр делінеді.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ерхан Тәткен Жайық өзеніне жақын орналасқан ауылда ұзындығы алты шақырым, биіктігі екі метрден төрт жарым метрге дейін жететін бөгет тұрғызылып жатқанын айтты. Ол "барлық жұмысты облыс әкімі Нариман Төреғалиев тікелей бақылап отыр" деді. Әкімдік Ресейдің Орынбор өңірінен үлкен су 22 сәуірден кейін келеді деп болжап отыр.

Ресми дерек бойынша, тасқын басталғалы Батыс Қазақстан облысында саяжайлардағы үш мыңға жуық үйді су басқан, 14 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Орал тасқынның екінші толқынына дайындалып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:09 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG