Accessibility links

Иран шабуылға ұшырады. АҚШ мұны Израиль жасады деді


Исфахан қаласының аспанындағы жарылыстар. 19 сәуір, 2024 жыл.
Исфахан қаласының аспанындағы жарылыстар. 19 сәуір, 2024 жыл.

19 сәуірде Израиль Иранға соққы жасады. Бұл туралы АҚШ-тың ресми өкілі хабарлады. Израиль армиясы ақпаратқа қатысты түсініктеме бермеді. Иран шенеуніктері шабуылды кім жасағанын атамады. Бұған дейін Иран Израиль соққысына "жоғары деңгейде" жауап беруге уәде еткен.

Вашингтон Израиль операциясының ауқымы мен егжей-тегжейін айтпады. АҚШ шабуылға қатыспағанын мәлімдеді. Шабуыл туралы Израиль, Иран және америкалық ақпарат құралдары хабарлады.

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары таңертең ядролық қондырғылар мен армия базасы орналасқан Исфахан қаласының аспанында "кішкентай үш дрон" атып түсірілді деп жазды. Ресми ақпаратқа қарағанда, бүлінген жерлер жоқ, ядролық инфрақұрылым бұзылмаған (кейінгі ақпаратты халықаралық атом энергиясы агенттігі де растады). Тебриз қаласының аспанында да жарылыстар болды. Иранның ішкі рейстері тоқтап, Тегеран әуежайындағы адамдар эвакуацияланды.

Reuters агенттігі екі дереккөзге сүйеніп, дрондар Иран аумағынан ұшырылды деп жазды. "Шабуылды шетелден жасағаны расталмады. Бізге сырттан соққы болмады, әзірше біз шабуылға қарағанда, ойлануға бейімбіз" деді Reuters агенттігіне аноним түрде пікір берген Иран шенеунігі. CNN аймақтағы барлау қызметіндегі аноним дереккөзге сүйеніп, Иран шабуылға жауап бермейді деп жазды. Дереккөздің айтуынша, Израиль мен Иран арасындағы тіке соққылар "аяқталған".

Оның алдында Иран Израиль соққысына жексенбідегі шабуылымен салыстырғанда "жоғары деңгейде" жауап беретінін мәлімдеген. Ол кезде Иран Израильге үш жүзге жуық зымыран мен дрон ұшырды (олардың түгелі дерлік атып түсірілді). Бұл шабуыл Израильдің 1 сәуірде Сириядағы Иран консулдығына қарсы соққысына жауап болды, онда жоғары лауазымды шенеуніктер қаза тапты.

"Егер Израиль режимі тағы бір үлкен қателік жіберсе, біздің жауап оларға шешуші, түпкілікті және қайғылы болады" деді Иран СІМ басшысы Хоссейн Амир-Абдоллахиян 18 сәуірде.

Израиль ақпарат құралдары 19 сәуірде Израиль Ирак пен Сириядағы нысандарға да соққы жасағанын хабарлады, екі елде де жарылыстар болды. Сирия ақпарат құралдары Израиль елдің оңтүстігіне зымыран жіберді, "материалдық шығындар" бар деп жазды. Израиль армиясы CNN-ге шетелдік БАҚ-тың хабарларына түсініктеме бермейтінін айтты.

АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдары Израиль Иранға шабуыл жасайтыны туралы Вашингтонға алдын ала ескертіп, ядролық нысандарға соққы бермейтініне сендірді деп хабарлады. Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға АҚШ 14 сәуірде Иран шабуылына тойтарыс беруге Израильге көмектескенімен, қарымта шабуылға қатыспайтынын айтқан. Сол кезде АҚШ Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуіне алаңдап, Израильді әскери жолмен жауап бермеуге шақырды.

Италия сыртқы істер министрі Антонио Таянидің айтуынша, бұл жағдайды "Үлкен жетілік" елдері сыртқы істер министрлерінің отырысында талқылайды, қазір Италияда саммит болып жатыр. Оның сөзінше, "Үлкен жетілік" Таяу Шығыста "қақтығысты азайтуды" қалайды. Еуропа комиссиясының жетекшісі Урсула фон дер Ляйен, Австралия үкіметі және Қытай қақтығысты өршітуге жол бермеуге шақырды.

Қытай — Иранның ең ірі сауда серіктесі, оның санкциядағы мұнайын да сатып алатын негізгі ел. АҚШ аймақтағы шиеленісті азайту үшін Пекинді Тегеранға өз ықпалын пайдалануға бірнеше рет шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG