Accessibility links

Батыс Қазақстан облысына тағы жүздеген әскери мен құтқарушы барады


22 сәуірде Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі Оралды тасқыннан қорғау үшін Батыс Қазақстан облысына қосымша күш жіберіледі деп хабарлады.

"Вице-премьер Қанат Бозымбаев шарықтау шегіне жеткен су тасқынымен күресуге Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан, Астана мен Алматыдан тағы 500 әскери мен құтқарушыны БҚО-ға жіберуді тапсырды. Оралға ТЖМ және қорғаныс министрлігінен 200 адам келіп, жұмысқа кірісіп кетті" делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Биліктің мәліметі бойынша, қорғанысты нығайту шараларына облыстан 10 мыңнан астам адам және қаладан алты мыңнан астам адам, Қазақстанның басқа өңірлерінен әкелінген 2 мыңнан аса техника жұмылдырылған.

"Тасқынның шарықтау шегі ұзарады деген болжам бар, осыған байланысты вице-премьер су басу қаупі бар аймақтағы өзендер бойына топырақ бөгеттерін тағы бірнеше метрге көтеруді тапсырды" делінген баспасөз хабарламасында.

Сәуірдің басында үкімет елдің батыс өңірін тасқыннан қорғауға 10 мыңнан астам әскери жұмылдырылды деп хабарлаған.

21 сәуір таңертең Орал қаласындағы Жайық өзенінде су деңгейі 8,5 метрден асты. Соның салдарынан өзенге жақын саяжай массивтерін су басты. Жайық пен Шаған өзендері маңындағы қаланың шағын аудандарына да су жақындап қалды.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарға қарағанда, Бозымбаев Оралдың периметрі бойынша су тасқынына қарсы қорғаныс құрылыстарын тексерген.

"БҚО ауылдық елді мекендерінде жағдай тұрақты және бақылауда. Тасқын басталғалы өңірдегі Жайық пен Шаған өзендері бойында 136 шақырымнан астам бөгет салынды, оның 45 шақырымы Орал қаласында" деп хабарлады үкімет.

Қазақстан үкіметі бұған дейін Жайықтың жоғарғы бөлігі және Сақмардан Батыс Қазақстан облысына су сәуірдің 15-інен кейін кейін келетінін айтқан. Кейін бұл болжамға түзету енгізіліп, топан су 20-ынан кейін келеді деп айтылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG