22 сәуірде "әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді" деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісінде журналистерге сот залына кіріп, процесті бақылауға қайта рұқсат берілді. Мұның алдында алқабилер көрінетін кадр әлеуметтік желіге тарап кетіп, сот БАҚ өкілдерін залдан шығарып жіберген.
"Тексеру барысында алқабилердің фото- және видеосын БАҚ-та және әлеуметтік желіде КТК арнасының өкілдері таратқаны анықталды. Оларға әкімшілік жаза ретінде ескерту жасалды" деді судья Айжан Құлбаева.
Судья БАҚ өкілдерін сот залына кіргізу бойынша тараптардың ойын сұрады.
Бұған тек сотталушы Бишімбаевтың қорғау тарабы қарсылық білдірді. "Құрметті сот, қарсылық білдіреміз. Онсыз да бізде тікелей эфир жүріп жатыр. Журналистер не үшін керек?" деді адвокат Ерлан Ғазымжанов.
Тараптар ойын айтып, судья БАҚ өкілдерін, оның ішінде КТК телеарнасының журналистерін де сот залына кіргізу қажет деп санайтынын мәлімдеді. Ол үшін сот он минут үзіліс жариялады, кейін сот отырысы қайта жалғасты. Оның алдында БАҚ сот залында не болып жатқанын сот ғимаратындағы басқа залда тұрған экраннан бақылады.
10 сәуірде сот БАҚ өкілдерін залдан шығарып жіберген. Судья Айжан Құлбаева мұны алқабилер көрінген кадрлар әлеуметтік желіге тарап кетті деп түсіндірді.
Өткен аптада жергілікті агенттіктер алқабилерді көрсеткен КТК телеарнасының журналистерін әкімшілік жауапқа тартқанын хабарлады. Сот оларға әкімшілік жаза ретінде ескерту жасаған.
Тілшіге, операторға және телеарнадағы ақпараттық бағдарламалар дирекциясының жетекшісіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 653-бабының 1-бөлігі ("Сотты құрметтемеу") бойынша айып тағылды. Ақпаратқа қарағанда, журналист пен оператор кінәсін мойындаған, дирекция басшысы айыпты ішінара мойындады.
Наурыздың соңында сот басталғанда судья БАҚ өкілдеріне алқабилерді суретке және видеоға түсіруге тыйым салған.
ПІКІРЛЕР