Accessibility links

Астана әуежайы 1 мамырдан бастап түнгі рейстерді қабылдамайды


Астана әуежайы ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстарына байланысты 1 мамырдан бастап түнгі рейстерді қабылдамайды.

"Ұшу-қону жолағына тұтас жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты Астана халықаралық әуежайында 2024 жылдың 1 мамырынан бастап жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін түнгі сағат 22.00 мен таңғы сағат 6 арасында әуе кемелерін қабылдау-шығару тоқтатылады. Соған орай Астанаға немесе Астанадан ұшатын белгілі бір рейстердің кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін" деп хабарлады Астана әуежайы.

Әуежай жолаушыларға әуе компанияларының рейстері туралы ақпаратты анықтауға кеңес берді.

Ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары қашанға дейін созылатыны белгісіз.

Қазақстанның азаматтық авиация комитеті бұған дейін мұндай жұмыстар 2024 жылдың желтоқсанына дейін созылуы мүмкін екенін хабарлаған. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін әуежайдың транзиттік потенциалы артып, көбірек жүк рейстерін қабылдау мүмкіндігі пайда болатыны айтылды.

Астана әуежайының негізі 1931 жылы қаланған (қала ол кезде Ақмола болған). 1963 жылдан бері қазіргі аумаққа орнықты. 1998 жылы ел астанасы Ақмолаға көшірілгеннен кейін әуежайға реконструкция жасалып, ұшу-қону жолағы ұзартылды, такси жолдары кеңейтілді, радионавигациялық жабдық ауыстырылды. 2000-жылдардың басында жаңа жолаушылар терминалы бой көтерді.

2017 жылы әуежайға бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Кейінгі екі жылда "Назарбаевтан арылу" процесінің (экс-президенттің аты Конституциялан алынды, Астанадағы Назарбаев ескерткіштері бұзылды және тағы басқа) белгілері байқалса да, әуежай атын сақтап қалды.

XS
SM
MD
LG