Accessibility links

Португалия үкіметі бұрын өзінің отарында болған елдерге өтемақы төлеуден бас тартты


Португалия үкіметі бұрын отарлаған елдеріне өтемақы төлеуден бас тартты деп жазды Reuters.

Зардапты өтеу қажеттігі жөнінде осы аптада Португалия президенті Марселу Ребелу де Соуза айтқан. Ол өткеннің қателіктеріне жауапкершілікті Португалия толық мойнына алатынын мәлімдеп, бұрын осы елдің отарында болған елдердің қарызын кешіруді немесе қаржылай көмек беруді ұсынған. Президенттің мәлімдемесін оңшыл партия өкілдері сынаған.

Үкіметтің мәлімдемесінде биліктің бұрын отар болған елдермен өзара қатынасты тереңдетіп, тарихи шындықты құрметтеу қажеттігі жазылған. Бұған қоса, бұрын отарында болған елдермен татуласу негізінде барған сайын қарқынды әрі тығыз ынтымақтастықты кеңейту керектігі айтылған. Португалия үкіметінің айтуынша, дегенмен қазірге дейін отарда болған елдерге өтемақы төлеу бойынша нақты қимылдарды қамтитын бағдарлама жоқ.

Португалияның отарлау дәуірі бес ғасырдан астам уақытқа созылған. 15-19 ғасырлар аралығында португалдар шамамен 6 млн африкалықты құлдыққа сатқан. Португалияның отарында Ангола, Мозамбик, Бразилия, Кабо-Верде, Сан-Томе және Принсипи, Шығыс Тимор және Азияның кейбір елдері болған.

Лиссабон бақылауындағы Африка елдерін отарсыздандыру процесі 1974 жылы "Қалампыр революциясынан" кейін басталған. Ол Еуропадағы ең ұзақ диктатураны құлатып, Португалиядағы демократиялық прлоцестерге жол ашты.

XS
SM
MD
LG