Ресейдің Мурманск облысында сот шешімімен журналист Сергей Карелин тұтқындалды. Оны 26 сәуірде полиция ұстап, кейін экстремизм бабы бойынша айып таққан. Тергеу мәліметінше, Карелин ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный негізін қалаған "Жемқорлықпен күрес қорымен" (ФБК) және Навальный тобымен ынтымақтасып жұмыс істеген. Ресей билігі 2021 жылы ФБК-ны "экстремистік ұйым" деп таныған.
41 жастағы Сергей Карелин – видеожурналист әрі оператор. Ол бұған дейін Associated Press, Deutsche Welle басылымдарымен әріптестік негізде жұмыс істеген. Тергеу мәліметінше, Карелин Youtube-тегі "Навальный LIVE" арнасына видео түсірген. Журналист мұны жоққа шығарады.
Карелиннен бұрын өткен сенбі күні кешке Мәскеуде журналист және продюсер Константин Габов қамауға алынды. Оны да "Навальный LIVE" арнасымен қызметтес болды деп айыптап жатыр. Ол Карелин сияқты өзіне тағылған айыпты мойындамады. Бұған дейін SotaVision журналисі Антонина Фаворская осындай айыппен қамауға алынған.
Сәуірдің басында "Холод" басылымы ФБК-мен байланыс орнатқан деген күдікпен 50-ден астам адамға айып тағылғанын санап шықты. Олардың 18-і сотталған, 19 адам ұсталғанға дейін Ресейден кетіп үлгерген; Мәскеу олардың көбін сырттай тұтқындауға пәрмен берді немесе іздеу жариялады.
ПІКІРЛЕР