Accessibility links

Қазақстан СІМ "әйелін ұрды" деп айыпталған БАӘ-дағы елшінің кеңесшісін елге қайтармақ


"Күйеуінен зорлық көргенін" мәлімдеген Карина Мамаштың "НеМолчи.KZ" қорына жазған хаты.
"Күйеуінен зорлық көргенін" мәлімдеген Карина Мамаштың "НеМолчи.KZ" қорына жазған хаты.

Өзін "БАӘ елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелімін" деп таныстырған Карина Мамаш 10 жылдан бері күйеуінен зорлық көріп келе жатқанын мәлімдеп, Қазақстан билігінен көмек сұрады. Оның видео мәлімдемесін 6 мамырда әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын "НеМолчи.KZ" қоры жариялады.

"10 жылдан бері зорлық көріп келе жатырмын... Маған көрсеткен барлық қорлығы үшін күйеуімді дипломат мәртебесінен айырып, түрмеге жапқанын қалаймын. Физикалық, жыныстық, эмоционалдық , экономикалық , тұрмыстағы зорлық-зомбылық" дейді Карина Мамаш видеода. Ол "НеМолчи.KZ" қорына денесінің көгерген тұстарын суретке түсіріп жіберген.

Әйел өзі мен балаларына қауіп төніп тұрғанын айтты. Кейін сыртқы істер министрлігі Қазақстанның БАӘ-дағы елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамашты елге қайтарып жатқанын хабарлады.

"Бұл қызметкерді Қазақстанға шұғыл қайтарып жатырмыз. Оның ісімен құқық қорғау органдары айналысады" деп жауап берді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров. СІМ әйелдің қауіпсіздігі мен балалары жайлы сұраққа әзірше жауап бермеді.

"НеМолчи.KZ" қорының жетекшісі Дина Смаилованың Азаттыққа айтуынша, Карина Мамаш қазір Абу-Дабидегі ауруханалардың бірінде. Ол "күйеуі телефонын сындырып тастаған соң байланысқа шығу мүмкіндігі жоқ" дейді. Смаилованың сөзінше, келіншек әлеуметтік желі арқылы арасында ғана хабар беріп отыр.

  • Amnesty International құқық қорғау ұйымы 2023 жылғы есебінде Қазақстанда әйелдер мен қыздар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтынын айтып, "былтыр қаңтар мен тамыз аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза тапқан 64 адамның көбі (бәлкім, бәрі) – әйел" дейді.
  • Биыл 15 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға жасалған зорлық-зомбылықтың барлық түріне жазаны қатаңдатуды көздейтін заңға қол қойды. Оған сәйкес, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық әрекетке жатқызылып, бұрынғыдан қатаң жаза қарастырылған.
  • Бұл заң азаматтық некедегі әйелі 31 жастағы Салтанат Нүкенованы "қатыгездікпен өлтірді" деген айып тағылған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың үстінен қозғалған іс сотта қаралып жатқан тұста қабылданды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG