Accessibility links

Ресеймен байланысы Батыс елдерінің сынына қалған Қытай қарсы уәж айтты


Эммануэль Макрон (сол жақта), Си Цзиньпин (оң жақтан екінші) және Урсула фон дер Ляйн (оң жақта) Париждегі кездесу кезінде. 6 мамыр, 2024 жыл.
Эммануэль Макрон (сол жақта), Си Цзиньпин (оң жақтан екінші) және Урсула фон дер Ляйн (оң жақта) Париждегі кездесу кезінде. 6 мамыр, 2024 жыл.

Қытай Украинаға әскери басқыншылық жасаған Мәскеумен тығыз байланысы үшін өз атына айтылған сынға келіспейді. Мұны Қытай президенті Си Цзиньпин Францияға екі күндік сапары кезінде айтты.

"Біз дағдарысты үшінші елге жауапкершілік артуға, оның беделін түсіруге және жаңа қырғи қабақ соғыс тұтатуға пайдалануға қарсымыз", – деді Си. Қытай басшысы жанжалды Пекин тұтатпағанын және оған қатысушы емесін айтты.

Франция президенті Эммануэль Макрон Си Цзиньпинмен Парижде өткізген келіссөздердің бір бөлігіне қатысқан Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйнмен бірге Қытай жетекшісін Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату үшін Мәскеуге ықпал жасауға шақырды.

Осы айда Си Цзиньпин Пекинде Ресей президенті Владимир Путинмен кездеспек. Алайда Париждегі келіссөздерде Қытай басшысы Мәскеуге ықпал жасауға ниет танытқан жоқ. Си бейбітшілік туралы жалпылама сөзбен шектелді деп жазды The New York Times.

Париждегі келіссөз барысында Макрон Сиді Ресейге Украинаға қарсы соғыста қолдануы мүмкін технологияларды бермеуге шақырған. Батыс лидерлері Қытай Украинадағы оқиғаларға қатысты ресми түрде бейтарап ұстанымда екеніне қарамастан, Ресейді қару-жарақ шығаруға қажет жабдықтармен қамтамасыз етіп қолдау көрсетуі мүмкін деп алаңдайды.

Батыс күштерін Украинаға жіберу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын бұған дейін бірнеше рет айтқан Эммануэль Макрон Си Цзиньпинге Франция Ресеймен немесе оның халқымен соғысып жатқан жоқ және Путин үкіметін құлатуды көксемейді деген. Макрон Украина қауіпсіз жағдайда болмайынша Еуропа қауіптен ада болмайтынын айтқан. Украинадағы соғыс жайлы сөзінде Франция президенті Париж мен Пекин арасындағы тығыз диалогты сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Париждегі баспасөз мәслихатында Си Цзиньпин Украинада бейбітшілікке қол жеткізуде Қытай белсенді рөл атқаратынын айтты. Ол Пекин "Ресей де, Украина да мойынсұнатын және барлық тараптардың тең қатысуын және барлық бейбіт жоспарларды әділ талқылауды қамтамасыз ететін халықаралық бейбітшілік конференциясын өткізуді жақтайтынын" мәлімдеді. "Қақтығыстарды түбі тек бейбіт жолмен шешуге болатынын тарих сан қайта дәлелдеді", – деді Қытай басшысы.

Бұған қоса баспасөз мәслихатында Си Қытай биыл жазда өтетін Париж Олимпиадасы кезінде жаһанда соғыс атаулыны доғару мақсатында Франциямен жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.

Сейсенбіде Эммануэль Макрон әйелі Брижитпен бірге Си Цзиньпин мен оның зайыбын Жоғарғы Пиренеи департаментінде бейресми жағдайда кездесіп, қонақтарға түскі ас берді.

Қытай мен Еуропа Одағының сауда қатынасындағы шиеленісті бәсеңдету – Си Цзиньпин Франциядағы келіссөздерінде талқылаған негізгі тақырыптарының бірі болды. Макрон екіжақты саудадағы дисбалансты азайту, Қытайда еуропалық фирмаларға жол ашу және Қытай экспорттаушыларына субсидиялар бөлуді қысқарту жөнінде келісімге қол жеткізуге тырысты. Си бұл айтылғандарға көнетін кейіп танытқан жоқ деп жазды Reuters.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG