Румыния Украинаға Patriot зымыран жүйелерін жіберу мәселесін талқылауға дайын. Бұл жөнінде сейсенбі, 8 мамырда Румыния президенті Клаус Йоханнис мәлімдеді. Ол мұны Германияның одақтастар елдерді Украинаның әуе қорғанысын нығайтуға шақырған үндеуінен кейін айтты.
Еуропаның өзге де елдерінде — Грекия, Нидерланд, Польша, Румыния және Швецияда да Patriot әскери жүйелері бар деп жазды Reuters.
"Кейінгі бірер аптада Patriot жүйелерін Украинаға кім жібере алады деген пікірталас болды", – деді Вашингтонда АҚШ президенті Джо Байденмен кездесуден кейін Йоханнис журналистерге. "Біздің кездесуімізде... президент Байден осыны еске салды, мен талқылауға дайын екенімді айттым. Не ұсына алатынымызды және оның орнына не ала алатынымызды жоғарғы қорғаныс кеңесінде пысықтап, талқылауым керек, өйткені Румынияны әуе қорғанысынсыз қалдыруға болмайды", – деді Румыния президенті.
2017 жылы Румыния 4 миллиард долларға Patriot жүйелерін сатып алу келісіміне қол қойды. Қазіргі кезде Румыния күштерінде әскери мақсатқа даяр бір Patriot батареясы бар. Қалғандары, Йоханнис меңзегендей, жетілдіріліп жатыр.
2004 жылы НАТО құрамына қабылданған Румынияның Украинамен 650 шақырымдық (400 миль) шекарасы бар. Ресей Румынияға қарама-қарсы жағалаудағы украин порттарына шабуыл жасағанда, ресейлік дрон бөлшектері Румыния аумағына бірнеше рет түскен деп хабарлайды Reuters.
НАТО-дағы жоғары лауазымға кандидатурасы ұсынылған Йоханнис Байденмен кездесуде осы жайлы сөз қозғап, әскери-саяси альянс ішінде осы қызметке ұсынылған тағы бір адам – Нидерланд премьер-министрі Марк Рюттенің кандидатурасын қолдайтындар көп болғанына қарамастан, өз кандидатурасын алып тастамайтынын айтқан.
ПІКІРЛЕР