Accessibility links

Мәскеудегі парадта Украина соғысында "ерлік көрсеткендер" дәріптелді


Мәскеудегі Қызыл алаңда Екінші дүниежүзілік соғыста СССР-дың фашистік Германияны тізе бүктіргенінің 79 жылдығы құрметіне әскери парад өтіп жатыр.

Бұл – Ресей Украинаға басып кіргелі Мәскеуде Жеңіс күні құрметіне өтіп жатқан үшінші парад. Ресми мәлімет бойынша, парадқа 9 мыңдай адам, соның ішінде мыңға жуық соғыс ардагері қатысып жатыр.

Парадта Ресейдің түрлі қорғаныс мекемелері, оқу орындары таныстырылып, әскери әлеуеті көрсетілді. Ресей "арнайы әскери операция" деп атайтын Украинаға шабуылда "ерлік көрсеткендер", "инфрақұрылымды қалпына келтіріп жатқандар" мен "заңдылықты қамтамасыз етіп жатқандар" мадақталды.

Эфир сыртында трансляцияны жүргізіп тұрған диктор "арнайы әскери операция кезінде" "жауға ойсырата соққы берген" әскери қызметкерлерді атап, олардың алған орден-медальдарын тізбеледі.

Парадты Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу басқарып тұр. Трибунада Ресей президенті Владимир Путинмен бірге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Беларусь, Лаос, Гвинея-Бисау және Куба басшылары тұр. Еуразия экономика одағының жиынына қатысу үшін Мәскеуге келген Армения премьер-министрі парадқа қалмай, қайтып кеткен.

Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға басып кіргелі халықаралық аренада оқшауланып, алаңдағы соғыс пропагандасының құралы ретінде пайдалануға көшкен.

Парадта сөз сөйлеген Владимир Путин Жеңіс күнін Ресейдің "басты мерекесі" деп атады. Бастай сала ол Батыс елдерін нацизмді қайта тірілтіп, тарихты бұрмалап жатыр деп айыптады. "Жаһандық қақтығысты болдырмау үшін Ресей қолынан келгенінің бәрін істейді, ал біздің стратегиялық күштеріміз үнемі әскери дайындық жағдайында тұрады" деді Путин.

Екінші дүниежүзілік соғыс туралы айтқан Путин Гитлер бастаған фашистік Германияға барлық Еуропа жақ болды, ал Совет одағы оған жалғыз өзі қарсы тұрды деді. Қытай "милитаристік Жапонияға қарсы тұрды" деді Путин.

Украинадағы "арнайы әскери операция" туралы сөз еткен Ресей басшысы оған қатысып жатқандарды "батырлар" деп атады. Дегенмен ол "Украина" деген сөзді мүлде қолданбады. "Ресей үшін, жеңіс үшін, ура!" деп сөзін аяқтады Путин.

Әлем елдерінің көбі нацизмді жеңген күнді 8 мамырда атап өтеді. 1945 жылы осы күні Германияның капитуляциясы жарияланған. Ал СССР жеңісті 9 мамырда жариялаған. Жеңіс күні 1965 жылдан демалыс күні болды.

Совет одағы кезінде Жеңіс күні парад сирек өтетін. Одақ тарағаннан кейін Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин оны жыл сайын өткізуді әдетке айналдырды. Путин билікке келген соң парадтың мәні өзгеріске ұшырап, оны Батыспен текетіресті, одан соң Украинаға шабуылды дәріптеу мақсатына пайдалана бастады.

Ал Украина Ресей шабуылынан соң жеңіс күнін 8 мамырға ауыстырды. Жақында сөйлеген сөзінде Украина президенті Гитлердің нацизмі "Ресейдің фашизміне ұласты" деді. Ал Ресей басшылығы Украина туралы сөз өткенде "нацистік мемлекет" деген тіркесті жиі қолданады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG