Accessibility links

Душанбеде Англияда жұмысқа орналастыруға уәде еткен компания басшысы ұсталды


Душанбеде ондаған тәжік азаматын Ұлыбританияда жұмысқа орналастыруға уәде беріп, ақша алып жүрген "Даври истиклол" компаниясының жетекшісі ұсталды.

Иброхим Ахмадов "алаяқтық" және "заңсыз көші-қон ұйымдастыру" баптары бойынша айыпталып жатыр. Тәжікстан ішкі істер министрлігі бұл істе 150-ге жуық жәбірленуші барын айтады.

Жәбірленушінің бірі Кароматулло Назаров аталған компанияға 18 мың сомони (1655 доллар) төлеп, далада қалғанын айтты.

"2023 жылдың қазан айында әлеуметтік желіден "Даври истиклол" компаниясының жарнамасын көрдік. Олар үш ай ішінде Англияға жұмысқа тұрғызуға уәде етті. Ақшаны төледік. Бірақ әлі ешқандай хабар жоқ" деді ол.

Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшілері Душанбедегі "Даври истиклол" компаниясының кеңсесіне барып көрді, алайда кеңсе есігі жабық болған. Компания жетекшілері ақпарат құралдарына шықпады.

Жәбірленушілердің сөзінше, "Даври истиклол" компаниясының 300 шақты клиенті алданып қалған. Олар құқық қорғау органдарынан сот басталмай тұрып шығындарды өтеп беруді талап етеді.

Ұлыбритания Еуроодақтан шыққаннан кейін ауыл шаруашылығы саласында жұмысшы тапшылығына ұшырады. Кейінгі кезде бұл жаққа Орталық Азиядан нәпақа тапқысы келетін еңбек мигранттары көп барып жатыр. Алайда бір мезетте Ұлыбританиядан жұмыс тауып береміз деп алдайтын алаяқтар да көбейген. Ұлыбританияда істейтін журналист Мухайе Нозимова әлеуметтік желі арқылы азаматтарға қалай заңды жолмен шетелге шығып, жұмыс істеуге болатынын үйретіп келеді.

"Ұлыбританияда жұмысқа орналастыру туралы әрбір хабарландыруды мұқият тыңдау керек. Кей кезде мұндай хабарландыру авторлары 3-5 мың долларлық жұмыс тауып береміз деп уәде береді. Жуырда Тәжікстандағы танымал ақпарат құралдарының бірінің телеграм-арнасынан Ұлыбританияға жұмысқа алып жатқаны туралы хабарландыру көріп қалдым. Бірақ сілтемені басқан кезде оның адамдарды алдау үшін жасалғаны белгілі болды" деді журналист.

Осының алдында Ұлыбританияның Тәжікстандағы елшілігі жұмысқа орналастыру бойынша алаяқтық көбейіп жатқанын айтып, азаматтарды тек заңды жолмен ғана шығуға, желідегі әртүрлі жарнамаға сенбеуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG