Алматыда Әзербайжан және Армения сыртқы істер министрлерінің жабық келіссөзі басталды.
Әзербайжан сыртқы істер министрі Жейхун Байрамов пен Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянды Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қарсы алды. Министрлер кездесу рәсіміне қатысу үшін Дөңгелек залға өтті деп хабарлайды Қазақстан сыртқы істер министрлігінің телеграм-арнасы.
Осы залда 1991 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құруға мұрындық болған Алматы декларациясына қол қойылған.
"Қазақстан араағайын рөлін атқаруға тырыспастан, "гуд офис" форматында бейтарап түрде ізгі қызмет көрсету миссиясын орындауға дайын. Әзербайжан мен Армения біз үшін жақын ел ғана емес, маңызды стратегиялық әріптес. Бізді сан ғасырлық достық, өзара түсіністік пен ортақ тарих біріктіреді" деді Мұрат Нұртілеу.
Жейхун Байрамов екі ел арасында бейбіт келісімді дайындау процесінде жүйелі кездесулер маңызды орын алады деді.
"Соңғы рет делегациялар екі айдан астам уақыт бұрын Берлинде кездескен. Кейінгі кездесуден бері тараптар бейбіт келісімнің жобасы бойынша комментарий алмасты, бұған қоса келіссөз процесінің түрлі аспектілері бойынша тараптардың ұстанымын көрсететінін белгілі бір құжаттармен алмасты. Соңғы келіссөздерден кейінгі маңызды элемент – Әзербайжан мен Армения арасындағы мемлекеттік шекараның бір бөлігін делимитациялауға жол салған хаттамаға қол қойылды" деді Әзербайжан сыртқы істер министрі.
"Армения бейбітшілікке, бейбіт келісімге қол қоюға ұмтылады, біз келіссөз процесіне конструктивті түрде қатысып жатырмыз. Бұған қоса біз тек бейбіт келісімге қол қоюмен шектеліп қалмауымыз керек, мұнымен қоса біз аймақтағы барлық транспорттық инфрақұрылымды ашуымыз керек" деді Армения сыртқы істер министрі Арарат Мизоян.
Екі тарап та кездесуді ұйымдастырған Қазақстанға алғыс айтты және кездесудің Алматы декларациясы қабылданған жерде өтуіне ерекше мән берді.
Осы сөздерден соң екі елдің сыртқы істер министрлері жабық келіссөзге кіріп кетті.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі келіссөз нәтижесі туралы ақпарат бермейтінін, себебі Астана келіссөздерге қатыспайтынын хабарлады. Меймандар да баспасөзге ешқандай ақпарат бермейді.
Сәуірде Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Алматыда екі елдің сыртқы істер министрлері келіссөз жүргізетінін мәлімдеген. Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі аптада екі елге барып, Әзербайжан мен Арменияны бейбіт келіссөзге шақырған. Тоқаев екі ел өкілдерінің Алматыда бейбіт келіссөз жүргізу ниетін құптаған.
Әзербайжан мен Армения 1980 жылдың соңынан бері қақтығысып келді. Екі ел арасындағы қақтығыс 1994 жылы аяқталғанымен, шекара мен Таулы Қарабақ мәселесі шешілмей қалған. Әзербайжан аумағындағы Таулы Қарабақта көбіне армяндар тұрған, соғыс кезінде бұл аймақ Бакуден тәуелсіздігін жариялап алған.
Бұл аймақ үшін екі ел арасында 1994 жылдан кейін де бірнеше рет қақтығыс болды. 2020 жылы күздегі әскери қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтың бір бөлігін қайтарып алған. Ал 2023 жылы толық бағындырды. Қарабақта тұратын 100 мыңнан аса армян Арменияға көшкен.
ПІКІРЛЕР