Accessibility links

Татарстанға еркіндік тілеген 63 жастағы зейнеткерге айыппұл салынды


Рузиля Шарафутдинова
Рузиля Шарафутдинова

Татарстанға еркіндік тілеген және отбасында татар тілін үйретуге үндеген 63 жастағы зейнеткер Рузиля Шарафутдиноваға 80 мың рубль көлемінде айыппұл салынды. Бұл жөнінде Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметі хабарлады.

Сот құжатына қарағанда, Татарстанның Азнакаев ауданы Тумутук ауылында тұратын зейнеткер Рузиля Шарафутдинова былтыр қазан айында "Яңарыш Татар халық партиясы" атты телеграм-арнада екі аудиохабарлама жариялаған. Сот шешімінде аудиожазба туралы мәлімет жоқ.

Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметі дегенмен Шарафутдинованың 2023 жылы 24 қазанда жариялаған екі аудиосын тапқан. Ол осы аудиолары үшін жауапқа тартылған болуы мүмкін. Сол күні телеграмдағы талқылауға қатысушылар Татарстан егемендігі мен татар тілінің ахуалын талқылаған. Мәселеге қатысты пікірін айтқан Рузиля Шарафутдинова бірінші аудиода татар тілін отбасында үйренуді ұсынған. Екінші аудиода ол татар тілінің нашар ахуалына тоқталып, ана тілді ел еркін болған кезде ғана дамытуға болатынын алға тартып сөзін "Татарстанға бостандық!" деген ұранмен аяқтаған.

Оған "орыстарға, ресейліктер мен Ресей билігіне" өшпенділік қоздырды ("Өшпенділік қоздыру") және Татарстанды Ресейден бөліп алуға үндеді ("Ресейдің территориялық тұтастығын бұзуға бағытталған әрекетке үндеу") деген айыптар тағылып, сот екі бап бойынша да оны кінәлі деп таныды. Бірінші бап бойынша оған – 10 мың рубль, екінші бап бойынша 70 мың рубль айыппұл салынды.

Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің хабарлауынша, Рузиля Шарафутдинова өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері Татарстанның Набережные Челны қаласында ұлттық қозғалыстардың қызметіне араласқан. Татарстанда татар тілін оқытуды факультатив қылғаннан кейін ол өзге белсенділермен бірге тілді сақтауды талап етіп, көшеде наразылық шараларын ұйымдастырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG