Жексенбі күні Литва тұрғындары президент сайлауында дауыс берді. Ресей Украинадағы соғыста жеңіске жетіп жатқан шақта сайлау өтіп жатыр.
Мәскеу Украинадағы соғыста жеңіске жетсе, 2,8 млн тұрғыны бар Балтық елі Украинадан кейін кезек өзіне келуі мүмкін деп қауіптенеді.
AP мәліметі бойынша, қазіргі президент Гитанас Науседаның екінші мерзімге сайлануға мүмкіндігі бар. Алайда сайлауға тағы жеті кандидат қатысып жатыр. Бұл кез келген кандидаттың кемінде 50 пайыз дауыс жинауын қиындатады. Егер кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыз дауыс жинай алмаса 26 мамырда сайлаудың екінші кезеңі өтпек.
Литваның саяси жүйесінде президенттің негізгі міндетіне елдің сыртқы саясаты мен қауіпсіздік саясатын бақылау кіреді. Бұған қоса, президент бас қолбасшы міндетін де атқарады.
Литвада, көрші Эстония мен Латвиядағыдай, Украинаның солтүстік-шығысында Ресей әскерінің кейінгі кездердегі жетістіктеріне алаңдаушылық бар. Балтық елдері Совет одағы құлағаннан кейін тәуелсіздіктерін жариялап, Батысқа бағыт алған. Олар Еуроодақ пен НАТО-ға қосылды.
Науседа – бір аптадан кейін 60-қа толатын қалыпты консерватор. Оның ең басты қарсыластарының бірі қазіргі премьер-министр, бұрынғы қаржы министрі 49 жастағы Ингрида Шимоните 2019 жылғы сайлауда 69 пайыз дауыспен сайлаудың екінші кезеңінде жеңіске жеткен. Президенттіктен үміткерлердің тағы бірі – заңгер-популист Игнас Вегеле. Ол коронавирус індеті кезінде екпе мен шектеу шараларына қарсы шығып, танымалдығы артқан.
Президент сайлауымен қатар Литва тұрғындары референдумға да қатысып жатыр. Ол қос азаматтыққа рұқсат беру-бермеу мәселесін шешуге тиіс.
Өзге елдің азаматтығын қабылдаған литвалықтар қазіргі кезде Литва азаматтығынан бас тартуға мәжбүр. Бұл 1990 жылдан бері 3.5 млн-нан 2,8 млн адамға дейін азайған Литва үшін аса жағымды құбылыс емес.