Accessibility links

Абылай Мырзахметов бес жылға бостандығынан айырылды


Абылай Мырзахметов.
Абылай Мырзахметов.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовті "аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады" (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) деп танып, бес жылға бостандығынан айырды. Бұл туралы 13 мамыр күні кешке соттың баспасөз қызметі хабарлады.

"А. Мырзахметов 2022 жылғы мамыр айынан қазанға дейін Б.-ға ақшалай сыйақы үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалары арқылы ағасы Б.-ны қамаудан босату және оған қатысты сотқа дейінгі іс жүргізуді тоқтату мәселесін шешуге мүмкіндігі барын айтып, жаңылыстырып, алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы алаяқтық жолмен формальді түрде қарыз шарттарын ресімдеп, Б.-ның аса ірі мөлшердегі 13,9 млрд теңге ақшасын жымқырған", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот таратқан хабарға сай, Мырзахметов кінәсін мойындап, сотан әділ жаза тағайындауды сұраған.

Сот оның "шынайы өкінгенін, қылмысты тергеуге және қылмыс кезінде алынған мүлікті іздестіруге жәрдемдескенін", кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, мұны жазаны жеңілдететін жағдай ретінде қарастырған.

Сот Мырзахметовті жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айырды. Бұдан бөлек, оның қылмыс жасап тапқан 5,8 млрд теңге қаржысын тәркілеген.

Сот "куәгер мен оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында" жабық режимде өтті.

2023 жылы мамырда Абылай Мырзахметов "аса ірі көлемде пара алды" деген күдікпен ұсталған. Қылмыстық істе Мырзахметов бизнесмен Талғат Боранбаевтан оның ағасы әрі экс-президенттің құдасы Қайрат Боранбаевты бостандыққа шығарып, істі жабу үшін 30 млн доллар сұраған деп көрсетілген. Сот басталғанда бұл ақпарат бойынша Мырзахметовтің тарапынан пікір алу мүмкін болмады.

  • Абылай Мырзахметов 2013 жылдан 2022 жылғы ақпанға дейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы қызметін атқарды. Ол Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" президиумы төрағасы қызметінен кеткен соң бір ай өткенде отставкаға кетті. Құлыбаев пен Мырзахметов "Атамекеннен" 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасынан кейін кеткен. Қанды Қаңтардан кейін президент Тоқаев экс-президент кезінде кең етек жайған тамыр-таныстықты жоюға күш салынатынын меңзеген.
  • Мырзахметов 2021 жылы Forbes Kazakhstan басылымының елдегі ең ықпалды 50 бизнесмен тізіміне кірген. Сол уақытта ол медицина бұйымдарын шығаратын зауыт пен алтын кен орнын барлайтын инвестициялық компанияға иелік етті.
  • 2003 жылы Жоғарғы сот Абылай Мырзахметовті "ақша жымқыру", "алаяқтық" және "жалған құжат жасау" баптары бойынша айыпты деп танып, бес жыл шартты жаза кескен. Ол "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының жетекшісі қызметін атқарғанда қылмыс жасады деген айыппен жауапқа тартылған.
Мырзахметовтің соты, Путинді сынайтын кандидат, Еуропарламент қарары – AzatNEWS | 22.01.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:23 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG