Accessibility links

Маралды ауылындағы алтын фабрикасы туралы видео жариялаған блогерге полиция іс қозғады


Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында алтын өндіруге қарсы жұрт наразылық білдірді. 8 мамыр, 2024 жыл.
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында алтын өндіруге қарсы жұрт наразылық білдірді. 8 мамыр, 2024 жыл.

Астана қаласының Есіл аудандық полиция басқармасы Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылында салынып жатқан алтын өндіретін фабрикаға қатысты TikTok желісінде пікір білдірген экобелсенді, блогер Қарлығаш Жақсыбайдың үстінен "жалған ақпарат тарату" бабымен іс қозғады. Бұл жөнінде Азаттыққа 15 мамырда Қарлығаш Жақсыбайдың өзі хабарлады.

Белсенді пікір айту – конституциялық құқығы екенін айтады. Полиция "осы құқығымнан айырып отыр" дейді ол.

– Үйіме екі рет полиция келді. Бірінші күні шақыру қағазынсыз келсе, екінші күні толтырылмаған шақыру қағазын алып келді. Сізді полиция басқармасына әңгімеге шақырамыз деп ауызша айтты. Бірақ учаскеге барғанда хаттама жазып жіберді. Ештеңе түсіндірмей, қағаздарды алдыма қоя салды, – деді Қарлығаш Жақсыбай Азаттық тілшісіне.

Полиция хаттамасында блогердің TikTok желісіндегі видеосы "әлеуметтік араздық туғызып, қоғамдық тәртіпсіздік пен заңсыз митингіге апарып соғатыны" жазылған. Бұл айыптау бойынша шешімді сот шығарады. Сот қашан болатыны әзірше белгісіз.

Қарлығаш Жақсыбай ішкі істер министрлігіне жүгінгенін айтты.

– Бұл мәселе бойынша дабыл қақтым. Өйткені Маралды ауылының іргесінде цианид қоспасын пайдаланатын алтын фабрикасы салынып жатыр. Ол маңда белсенді су жүйесі бар, сондықтан жол беруге болмайды. Өйткені мұның арты зор апатқа және су қорымыздың ластануына апарып соғуы мүмкін. Бұдан жануар, балық, адамдар да өлуі мүмкін, – дейді экобелсенді.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында 2022 жылы "ВСАМ Продакшн" компаниясы алтын өндіретін фабрика құрылысын бастаған. Тұрғындар зауыттың кенді ашық әдіспен қазып алатынына және алтынды цианид қоспасымен шаятынына наразы болып, құрылысты тоқтатуды талап етіп келеді. Фабрика басшылығы "экологиялық талаптарды қатаң сақтайтынын" айтады. ШҚО әкімдігі де "зауыттың қоршаған ортаға зияны жоқ" деп мәлімдеген.

Бұған дейін тәуелсіз экологтар да фабрика жұмысы қауіпті деп есептейтінін білдірген. Мысалы, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікова "Фабрика ауыл үстіндегі тауда орналасқан. Құрылыс орны жақтан аққан су төмендегі ауылға, ауыл ішіп отырған суға құяды. Бұл жоба халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға орасан зор зиян тигізетініне көзім жетті" деген.

Ал геоэколог Светлана Могилюк "Маралды мен Күршім өзені Қазақстандағы ең ірі өзен – Ертіске құятынына назар аудару керек" дейді. Яғни өндіріс ошағынан ақау шықса, "зияны ауыл, ауданмен шектеліп қалмауы мүмкін" деген болжам айтады.

"Экологияны ластайды". Маралдыда алтын өндірісін салуға халық қарсы
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:35 0:00
  • 8 мамырда Маралды халқы жиналып, зауыт жұмысына наразылық білдірді. Олардың наразылығы туралы естіген билік ауылға жасақ кіргізіп, зауыт маңын күзетіп тұрды. Осы оқиғадан соң полиция сотқа дейінгі тергеу бастап, ондаған адамнан жауап алды. Ауыл тұрғыны Жанат Кәрібаеваның үйіне тінту жүргізді. Екі адамды "фабрика жұмысшыларына қол жұмсады" деген айыппен сот санкциясымен екі айға тергеу абақтысына жапты.
  • Сәуірде полиция ауылдың алты азаматын "Маралды ауылдық округі бойынша жергілікті өзін-өзі басқару қоғамдастығы" деп аталатын "заңсыз" бірлестік құрды деп айыптап, оларға 92-184 мың теңге аралығында айыппұлдар салған.
  • "Қоғамдастықты құруымызға әкімдіктегілердің өздері түрткі болған. Ұйым құрып, заң аясында жұмыс істеңіздер деген еді. Біз ауыл әкіміне құжаттарымызды бекіттіріп, мөр алып жұмыс істедік. Фабрика жұмысын тексеруді, өзіміз көрген кемшіліктерге назар аударуды сұрап министрліктерге, депутаттарға, әкімдерге хат жазып келдік. Бірақ қоғамдастық әділет министрлігінде тіркелмеген, сондықтан полиция оның жұмысын заңсыз деп айтты" деп түсіндірген мұны ауыл тұрғындары.
  • Тұрғындар полицияның тінту жүргізуін, жауап алуын және айыппұл салуын "қысым" деп қабылдап, президентке үндеу жолдаған. Ақорда оған реакция білдірген жоқ.
Маралды ауылы алтын зауытына тағы қарсы шықты. Ауылға арнайы жасақ кірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:57 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG